АДАМЗАТТЫҢ АБАЙЫ — ҚазҰУ

91ý

АДАМЗАТТЫҢ АБАЙЫ

11 тамыз 2026
АДАМЗАТТЫҢ АБАЙЫ

 

Фараби университеті жанындағы Абай ғылыми-зерттеу институты мен Фараби кітапханасының бірлесіп ұйымдастыруымен ұлы ойшыл Абай Құнанбайұлының туғанына 181 жыл толуына орай «Адамзаттың Абайы» атты халықаралық кезекті ғылыми-тәжірибелік мәжіліс өтті. 

 

 Жиынға шетелдік және отандық белгілі ғалымдар, ғылыми институттар мен ЖОО ғалым-ұстаздары, колледж және мектеп мұғалімдері қатысты. Баку славян университетінің профессоры Низами Мамедов Тагисой, М.О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының профессоры Қанипаш Мәдібай, ҚазҰУ-дың «Тұран-Иран» ғылыми-зерттеу орталығының директоры, профессор Ислам Жеменей, Алматыдағы Иран Ислам Республикасының мәдени істер жөніндегі атташесі Мұхаммед Мәсуд Садеғи, Евразия университетінің профессоры Рақымжан Тұрысбек, Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетінің профессоры Шанжархан Бекмағамбетов, Назарбаев университетінің профессоры Айгүл Ісімақова, ҚазҰУ-дың қазақ әдебиеті тарихы және теориясы кафедрасының меңгерушісі Самал Дәрібай, докторанттар мен магистранттар қатысты.

 

Халықаралық ғылыми мәжілісті ҚазҰУ-дың Басқарма мүшесі – ғылыми-инновациялық қызмет жөніндегі проректор Марғұлан Ибраимов кіріспе сөзімен ашты. Ол Абай мұрасының бүгінгі қоғам үшін маңызына тоқталып, ақынның адамгершілік, білім, ғылым, еңбек пен кемелдік туралы ойларының өзектілігін атап өтті. Осы ретте, жасанды интеллект пен цифрлық технологиялар қарқынды дамыған кезеңде Абай философиясын заманауи ғылыми тәсілдермен зерделеу, салыстыра қарастыру, жүйелеу және оқырманға жаңа форматта ұсынудың маңызын сөз етті. Мәжіліс жұмысына сәттілік тілеп, ұйымдастырушылар мен ғалымдардың Абай мұрасын дәріптеу жолындағы игі бастамаларына табыс тіледі.

Мәжіліс модераторы, Абай ҒЗИ-дың қауымдастырылған профессоры Ләйла Мұсалы институттың 2026 жылы атқарған жұмыстарына тоқталып, Абай институты зерттеулерінің нәтижелері маңызды, ауқымды, өзекті екендігін,  олардың жалпыуниверситеттік интеллектуалдық меншік қана қана емес, ұлттық  идеологияға қызмет ететін мемлекеттік мәні бар ғылыми-шығармашылық өнімдер екендігін атап өтті. Бұл пікіріне дәлел ретінде ҚазҰУ-дың ылыми кеңесінің 23 қаңтардағы қаулысында белгіленген міндеттердің жүзеге асырылу барысын баяндады. 

 

Абай ҒЗИ директоры, ф.ғ.д., профессор Жанғара Дәдебайұлы «Абай институтының айрықша құнды зияткерлік өнімдері» тақырыбындағы баяндамасында институттың ғылыми-зерттеу жұмыстарының негізгі нәтижелерін таныстырды. Ол «Абайтану антологиясы», Абайдың «Кісілік кодексі», «Абай таксономиясы» және «Абай ілімі» оқу пәнін институттың маңызды зияткерлік өнімдері ретінде атап, олардың ұлттық құндылықтарды дәріптеу, білім беру жүйесін жетілдіру және Абай мұрасын қоғамдық кеңістікке кеңінен енгізудегі мәнін айқындады. Аталған ғылыми өнімдерді білім, ғылым және мәдениет салаларында кеңінен қолдану жөнінде де ұсыныстар білдірді. 

Жанғара Дәдебайұлы: «Абай ілімі мен қазақ әдебиеттануы саласында көп жылдар бойы көз майын тауысып, аянбай еңбек етіп келе жатқан ардақты ғалымдарымыздың бірі биыл сексен жасқа, енді бірі жетпіс бес жасқа толып отыр», – деп, профессор Дандай Ысқақұлын 80 жас мерейтойымен, профессор Қанипаш Мәдібайды 75 жас мерейтойымен құттықтап, оларға Абайдың «Кісілік кодексін» сыйға тартты. 

 

Абай ҒЗИ-дың кіші ғылыми қызметкері Алма Кенжеқожаева институттың 2026 жылғы жарияланымдарына шолу жасап, БАҚ-та жарық көрген мақалалар, ҒЖБССҚК бекіткен басылымдар мен Scopus базасында индекстелетін журналдардағы зерттеулер, халықаралық конференция материалдары, кітаптар, ғылыми жинақтар, сұхбаттар және «Даналық сөздер» сериясымен таныстырды.

Мәжіліске онлайн форматта қосылған Баку славян университетінің профессоры Низами Мамедов Тагисой «Абай шығармалары әзербайжан аудармаларында» тақырыбында баяндама жасап, Абай мұрасының Әзербайжанда зерттелуі мен тәржімалану тарихына тоқталды. Ол көркем аударманың Абай мұрасын халықаралық деңгейде танытудағы және түркі халықтарының рухани сабақтастығын нығайтудағы маңызын атап өтті.

 

Абай ҒЗИ директоры, ф.ғ.д., профессор Жанғара Дәдебайұлы, институттың жетекші ғылыми қызметкерлері, профессорлар Дандай Ысқақұлы, Қансейіт Әбдезұлы, Төрегелді Тұяқбай, 

Профессор Дандай Ысқақұлы «Өмір, дүние дегенің, ағып жатқан су екен...» атты баяндамасында Абай шығармаларындағы өмір философиясын талдап, ақынның адам ғұмыры, уақыт, тіршілік пен өмірдің мәні туралы терең ой-тұжырымдарын саралады.

Профессор Қансейіт Әбдезұлы «Осы жұрт Ескендірді біле ме екен...» тақырыбында Абайдың «Ескендір» поэмасын Шығыс әдебиетіндегі Ескендір бейнесімен сабақтастыра қарастырды. Ғалым Низами, Фирдоуси, Науаи шығармаларындағы дәстүрден өзгеше, Абайдың Ескендірді даңққұмарлық, ашкөздік пен тойымсыздықтың көрінісі ретінде суреттегеніне назар аударып, поэманың гуманистік және тәрбиелік мәнін айқындады.

«Тұран-Иран» ғылыми-зерттеу орталығының директоры, профессор Ислам Жеменей «Шығыс поэзиясы және Абай» тақырыбындағы баяндамасында Абай шығармашылығының Шығыс әдебиетімен рухани-көркемдік сабақтастығын сөз етті. Сонымен қатар, өзінің «Абай және Шығыс шайырлары» атты кітабын таныстырып, онда Абай мұрасының Физули, Науаи, Сағди, Хафиз сынды түркі-парсы классиктерінің поэзиясымен байланысы зерделенетінін айтты.

Алматыдағы Иран Ислам Республикасының мәдени істер жөніндегі атташесі Мұхаммед Мәсуд Садеғи «Абай – шығыс ойшылы» тақырыбындағы баяндамасында Абай мұрасының қазақ халқының ұлттық рухы мен мәдениетін танытудағы маңызын атап өтті. Ол ақын дүниетанымының парсы әдебиеті мен шығыстық даналық дәстүрімен сабақтастығына назар аударып, Абай шығармаларындағы адамгершілік, мораль, таным және қоғамдық ағартушылық идеялардың жалпыадамзаттық мәнге ие екенін сөз етті. Осы орайда, Абай күнінің Қазақстан мен Иран арасындағы тарихи-мәдени және ғылыми байланыстарды нығайтуға ықпал ететінін атап өтті.

М.О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының профессоры Қанипаш Мәдібай «Абайдың этнопоэтикасын зерттеу» тақырыбында ақын шығармашылығын ұлттық болмыс пен дәстүрлі поэтикалық таным аясында қарастырудың маңызын сөз етті. Ол Абай поэзиясындағы ұлттық мінез, халықтың тұрмыс-тіршілігі, дүниетанымы мен рухани құндылықтарының көркемдік көріністерін жүйелі зерттеудің қажеттігіне назар аударды.

Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетінің профессоры Шанжархан Бекмағамбетов «Абайдың танымдық ілімінің кейбір мәселелері (тілдің генетикалық онтологиясы тұрғысынан)» тақырыбындағы баяндамасында тіл, ойлау және адам танымының өзара байланысын қарастырды. Ғалым генетикалық тіл білімі аясында тілдің мағына, таңба, символ және идеядан тұратын терең қабаттарын зерделеу арқылы адамның дүниені қабылдау ерекшеліктерін тереңірек тануға болатынын айтып, Абайдың танымдық ілімін осы бағытта зерттеудің мүмкіндіктерін көрсетті.

Абай атындағы Жамбыл гуманитарлық жоғары колледжінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің оқытушысы Айжан Баялиева «Абайдың кісілік кодексі және тұлға тәрбиесі: білім беру тәжірибесіндегі мүмкіндіктер» тақырыбындағы баяндамасында Абайдың «Кісілік кодексін» оқу-тәрбие үдерісінде қолданудың жолдарымен таныстырды. Ол Абайдың ар-ұят, әділет, жауапкершілік, білім, еңбек және өзін-өзі тәрбиелеуге үндейтін қағидаларын қазіргі Кайдзен әдісіндегі үздіксіз даму, шағын қадаммен алға жылжу, өзін-өзі жетілдіру ұстанымдарымен сабақтастырып, бұл құндылықтарды «Адал азамат», «Озық ойлы ұлт» идеялары негізінде тұлға тәрбиесіне енгізудің маңызын көрсетті. 

 

Фараби кітапханасының директоры Жадыра Әрекенова «Абайтану антологиясын әл-Фараби кітапханасы базасында таныстыру» тақырыбындағы баяндамасында Абай мұрасын сақтау, жүйелеу және оқырманға қолжетімді ету бағытындағы жұмыстарды таныстырды. Ол «Абайтану антологиясының» электронды нұсқасы кітапхана сайтына орналастырылғанын, Абай шығармалары мен абайтануға арналған цифрлық ресурстарға QR-код арқылы қол жеткізуге болатынын атап өтті. 

Бұдан бөлек, қатысушыларға «Абай Құнанбайұлының шығармашылық мұрасы», «Әлем таныған дана Абай», «Абайдың қара сөздері және оның зерттеулері», «Абайды танытқан Мұхтар», «Абай ілімі» тақырыптары бойынша жасақталған, 100-ге жуық кітап қойылған арнайы көрмемен таныстырды.

 

Мәжілісті қорытындылаған модератор Ләйла Мұсалы басқосуда көтерілген ғылыми мәселелер мен айтылған ұсыныстардың Абай мұрасын жаңа қырынан зерделеуге, оның тағылымын білім беру мен қоғамдық кеңістікке кеңінен енгізуге ықпал ететінін атап өтті. Ол отандық және шетелдік ғалымдарға, қонақтар мен ұйымдастырушыларға алғыс білдіріп, Абай ілімін зерттеу мен насихаттау бағытындағы жұмыстардың алдағы уақытта да жүйелі жалғасын табатынын жеткізді.

 

 

 

 

Абай ғылыми-зерттеу институтының ақпараттық қызметі