ҚазҰУ Бизнес мектебі вайб-кодинг арқылы жұмыс үдерістерін автоматтандырды
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Бизнес мектебінде вайб-кодинг бойынша алғашқы Bootcamp өтті.
Бірнеше күнге созылған қарқынды оқу барысында бағдарламалауда тәжірибесі жоқ қызметкерлер мен жас мамандар жасанды интеллект құралдарын меңгерді. Қатысушылар тиімді промпт құрастыруды, ЖИ-агенттермен жұмыс істеуді, Telegram, Gmail, бұлттық сервистер мен дерекқорларды біріктіріп, жұмыс үдерістерін автоматтандыруды үйренді.
Интенсивтің басты нәтижесі – дайын цифрлық өнімдердің шығуы. Университеттің статистикалық деректеріне сүйене отырып, қатысушылар ғылыми қызметті, оқу үдерісін, қабылдау науқанын, сондай-ақ басқару және сату жұмыстарын автоматтандыратын 8 цифрлық шешім әзірледі. Жоба аясында 1024 білім алушының дерегі бірыңғай басқарушылық дашбордқа біріктірілді. Бүгінде бұл сервистер әрі қарай жетілдіруге дайын, толыққанды жұмыс істеп тұр.

Бұл бастама әлемдік цифрлық трансформация үрдістеріне толық сай келеді. Мамандардың айтуынша (OpenAI деректері бойынша), қазіргі таңда 1 миллионнан астам компания корпоративтік ЖИ құралдарын белсенді қолданады.
Алдағы уақытта Бизнес мектебі бұл сервистерді бірыңғай ЖИ-платформаға біріктіруді жоспарлап отыр. Жаңа жүйе талапкерді қабылдаудан бастап, оқуды аяқтағанға дейінгі барлық кезеңді, сондай-ақ оқытушылар мен басшылықтың негізгі жұмыс үдерістерін толық цифрландыруға мүмкіндік береді.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Баспасөз қызметі