Wiley-мен серіктестік: ҚазҰУ-да отандық журналдарды халықаралық деңгейге көтеру жолдары сараланды — ҚазҰУ

91ý

Wiley-мен серіктестік: ҚазҰУ-да отандық журналдарды халықаралық деңгейге көтеру жолдары сараланды

13 тамыз 2026
Wiley-мен серіктестік: ҚазҰУ-да отандық журналдарды халықаралық деңгейге көтеру жолдары сараланды

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде отандық ғылымның халықаралық деңгейдегі позициясын нығайтуға бағытталған халықаралық жиын өтті. Басқосуға әлемдік зерттеу және білім беру саласындағы жетекші баспа – Wiley компаниясының Таяу Шығыс және Орталық Азия бойынша аймақтық менеджері Али Абушавар арнайы қатысты.

Шараға ҚазҰУ-дың Басқарма мүшесі – ғылыми-инновациялық қызмет жөніндегі проректор Марғұлан Ибраимов, Ұлттық мемлекеттік ғылыми-техникалық сараптама орталығының басқарма төрағасы Нұрсұлтан Қайынбаев, Абай атындағы ҚазҰПУ-дың зерттеу қызметі және инновация жөніндегі проректоры Ертай Сұлтан және Scopus деректер базасына кіретін отандық журналдардың бас редакторлары жиналды.

Жиынды ашқан ҚазҰУ проректоры Марғұлан Ибраимов отандық ғылымды халықаралық деңгейде ілгерілетудің маңыздылығына тоқталды: «Бүгінгі таңда отандық ғалымдардың зерттеулерін халықаралық ғылыми айналымға қосу – басты басымдықтарымыздың бірі. Wiley сияқты жаһандық баспа алпауыттарымен серіктестік орнату қазақстандық ғылыми журналдардың сапасын және ғалымдарымыздың әлемдік академиктер қоғамдастығында танымалдығын арттыруға кең жол ашады», – деді М.Ибраимов.

Кездесудің басты күн тәртібінде Қазақстандағы зерттеу процестерін қолдау және «Ашық қолжетімділік» (Open Access) бағдарламаларын дамыту мәселелері кеңінен талқыланды. Осы орайда, Wiley компаниясы мен отандық ғылыми қоғамдастық арасындағы ұзақ мерзімді стратегиялық серіктестікті нығайтуға басымдық берілді. Сонымен қатар тараптар қазақстандық зерттеулердің халықаралық аренадағы танымалдығы мен сапасын арттыруды, сондай-ақ отандық ғылыми журналдарды Scopus және басқа да беделді деректер базаларының халықаралық стандарттарына сәйкестендіру жолдарын саралады.

Өз кезегінде Wiley компаниясының өкілі Али Абушавар Қазақстанның ғылыми әлеуетіне жоғары баға беріп, ынтымақтастықты тереңдетуге дайын екенін білдірді: «Қазақстанның жоғары оқу орындары мен ғылыми орталықтарында үлкен зерттеу әлеуеті бар. Біздің мақсатымыз – жергілікті ғалымдарға халықаралық стандарттарға сай редакторлық қолдау көрсетіп, олардың еңбектерін Open Access форматы арқылы жаһандық аудиторияға қолжетімді ету», – деп атап өтті А.Абушавар.

Жиналыс барысында сарапшылар мен ғылыми мекеме өкілдері халықаралық баспа алпауыттарымен тікелей ықпалдастық орнату отандық ғалымдарға жаһандық ғылыми кеңістікте жаңа мүмкіндіктер ашатынын алға тартты. Сондай-ақ Scopus журналдарының бас редакторлары Wiley сарапшысымен ғылыми жарияланымдардың сапасын арттыру бойынша тәжірибе алмасты.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Баспасөз қызметі