Жошы ұлысының мұрасын зерттеудің перспективті бағыттары айқындалды — ҚазҰУ

91ý

Жошы ұлысының мұрасын зерттеудің перспективті бағыттары айқындалды

13 тамыз 2026
Жошы ұлысының мұрасын зерттеудің перспективті бағыттары айқындалды

ылым ордасында «Жошы ұлысының тарихи-мәдени мұрасын зерттеудің перспективті бағыттары» тақырыбындағы кеңейтілген отырыс өтті. 

Іс-шара Жошы ұлысының тарихи-мәдени мұрасын жүйелі әрі кешенді зерттеуге бағытталған бастамаларды ғылыми тұрғыдан іске асыру аясында өтіп отыр.

Кеңейтілген отырысқа ҚР Ұлттық ғылым академиясының президенті Ақылбек Күрішбаев, модератор, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Басқарма Төрағасы - Ректоры Жансейіт Түймебаев, жетекші академиктер мен ғылыми-зерттеу ұйымдарының өкілдері, сондай-ақ Жошы ұлысының тарихын зерттеуші отандық сарапшылар – тарихшылар, археологтар, шығыстанушылар, деректанушылар мен палеонтологтар қатысты.

Жиында ҚР премьер-министрінің орынбасары – мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның құттықтау хаты оқылды. Хатта: «Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жошы ұлысының тарихи-мәдени мұрасын жүйелі әрі кешенді зерттеулерге ерекше мән беріп келеді. Осы бастамаларды ғылыми тұрғыдан іске асыру ұлттық тарихымызды жаңа деректермен толықтырып, оның әлемдік тарихнамадағы орнын айқындауға мүмкіндік сыйлайды. Бұл ретте бүгінгі басқосу уақыт талабынан туындаған маңызды қадам деп білемін», – делінген. 

ҚР Ұлттық ғылым академиясының президенті Ақылбек Күрішбаев Жошы ұлысының тарихи-мәдени мұрасын зерттеуді жаңа ғылыми деңгейге көтеру қажеттігін атап өтті. 

«Ұлттық ғылым академиясы Жошы ұлысының тарихи-мәдени мұрасын зерттеуге қатысты бірнеше ұсынысты әзірледі. Біріншіден, республикалық деңгейде жұмыс тобын құру қажет. Бүгінде Жошы ұлысына қатысты ғылыми зерттеулер түрлі мекемелер мен ұйымдарда жүргізілуде. Сондықтан жүргізіліп жатқан ізденістерді жүйелеу үшін жұмыс тобын құру маңызды. Екіншіден, тарихи мұраны цифрландыру және жасанды интеллект негізіндегі цифрлық зерттеу инфрақұрылымын қалыптастыру қажет. Үшіншіден, Жошы ұлысының тарихи-мәдени мұрасын зерттеудің перспективті ғылыми бағыттарын айқындап, оны мамандандырылған басым ғылыми бағыттардың қатарына қосу керек», – деді академия президенті.

Өз кезегінде Жансейіт Түймебаев Жошы ұлысының тарихи мұрасын зерттеудің жаңа әдіснамалық ұстанымдарын айқындаудың маңыздылығына тоқталды. 

«Жошы ұлысының мемлекеттік басқару жүйесін, дипломатиялық тәжірибесін, экономикалық құрылымын, зияткерлік және рухани мұрасын кешенді түрде зерделеу қажет. Президент Алтын Орда тарихын тек әскери-саяси тұрғыдан бағалаумен шектелуден бас тартып, оны ауқымды өркениет парадигмасы аясында қарастыруды тапсырды. Бүгінгі кеңейтілген отырыстың мақсаты – жинақталған тәжірибені саралап, алдағы кезеңдегі зерттеу басымдықтарын бірлесе айқындау. Жошы ұлысының мол зияткерлік және рухани дәстүрі, тиімді басқару институттары мен дамыған экономикасы жан-жақты зерделенгенде ғана Орталық Еуразия халықтарының мемлекеттілік бастауын, бірегейлігін және ортақ тарихын терең түсінуге мүмкіндік туады», – деді Жансейіт Түймебаев. 

 

Шара қорытындысы бойынша Жошы ұлысының тарихи-мәдени мұрасын зерттеудің перспективті ғылыми бағыттарын айқындау, осы бағыттағы ғылыми жобаларды үйлестіру, цифрлық зерттеу инфрақұрылымын қалыптастыру және халықаралық ғылыми ынтымақтастықты кеңейту жөніндегі ұсыныстар әзірленді.

 Сонымен қатар Жошы ұлысын зерттеу бойынша іске асырылып жатқан ғылыми жобалардың өзара ықпалдастығын күшейту және ұзақ мерзімді ғылыми бағдарламаларды қалыптастыру мәселелері кеңінен қарастырылды.

 

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Баспасөз қызметі