ҚазҰУ робототехника чемпионатын ұйымдастырды
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде мектеп оқушылары арасында UPGrade&Daryn FIRST Scrimmage робототехника бойынша чемпионат өтті.
Шараны ҚазҰУ-дың Технологияларды коммерцияландыру және креативті индустриялар орталығы мен «Алматы дарыны» дарынды балалар мен талантты жастарды анықтау және қолдау орталығы бірлесіп ұйымдастырды.

Чемпионатқа Алматы қаласындағы жалпы білім беретін мектептер мен лицейлерден 54 команда қатысып, 185-тен астам оқушы бақ сынады. Қатысушылар робототехникалық жүйелерді жобалау, бағдарламалау және басқару бойынша өзара сайысқа түсіп, инженерлік дайындықтың, командалық жұмыстың және инновациялық ойлаудың жоғары деңгейін көрсетті.
Жарыс халықаралық FIRST бағдарламасының стандарттарына сәйкес өткізілді және роботтарды автономды басқару, техникалық миссияларды орындау, инженерлік жобаларды қорғау тапсырмаларын қамтыды. Оқушылардың жұмыстарын ҚазҰУ оқытушылары, білім беру ұйымдарының өкілдері, IT және робототехника саласының мамандары бағалады.

Чемпионат қорытындысы бойынша жеңімпаздар мен жүлдегерлер дипломдармен, медальдармен және естелік сыйлықтармен марапатталды. Сонымен қатар Алматы қаласы білім басқармасының қолдауымен «Алматы дарыны» орталығы тарапынан жеңімпаздарға жобаларын дамыту және әрі қарай білім алу үшін 500 мың теңге көлемінде қаржылай демеушілік көмек көрсетілді.

Қатысушылар үшін қосымша ынталандыру ретінде Middle East Technical University (METU) университеті 10-11 сынып оқушылары арасындағы жеңімпаздарға білім беру гранттарын ұсынып, әлемдегі жетекші техникалық жоғары оқу орындарының бірінде білімін жалғастыру мүмкіндігін ашты.
Аталған іс-шара цифрлық технологияларды енгізу (digital inclusion), білім беру үдерісіне қатысуды кеңейту (educational inclusion), STEM-білім беруді дамыту (STEM education), дарынды жастарды қолдау және ҚазҰУ-дың инновациялық экожүйесін қалыптастыру (innovation systems) арқылы БҰҰ-ның Тұрақты даму мақсаттарына тікелей үлес қосады. Сонымен қатар, чемпионатқа қыздар командаларының қатысуы және қыздардың робототехника саласына белсенді тартылуы «Women in STEM» бастамасын ілгерілетуге, гендерлік теңдікті нығайтуға және қыздардың ғылыми-техникалық бағыттарға қызығушылығын арттыруға ықпал етеді.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ және серіктес ұйымдар алдағы уақытта да Қазақстанның ғылыми-техникалық әлеуетін дамытуға және таланттарды анықтауға бағытталған бірлескен бастамаларды жүзеге асыруды жоспарлап отыр.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі