- Басты бет
- Жаңалықтар
- Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дағы «The Chemical Challenge» жоғары оқу орындары арасындағы олимпиаданың қорытындысы
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дағы «The Chemical Challenge» жоғары оқу орындары арасындағы олимпиаданың қорытындысы
2026 жылғы 11–12 ақпанда әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың химия және химиялық технология факультетінде Көрнекті ғалым, академик, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Қазақстандағы ғылымды ұйымдастырушы ірі тұлға - Д. В. Сокольскийдің жарқын естелігіне арналған «The Chemical Challenge» химия олимпиадасы өтті. Іс-шараны ҚазҰУ-дағы «Мұнай инженерлері қоғамының (SPE)» студенттік бөлімшесі «Д.В. Сокольский атындағы Жанармай, катализ және электрохимия ғылыми-зерттеу институты» АҚ, физикалық химия, катализ және мұнайхимия кафедрасымен бірлесіп ұйымдастырды. Олимпиада әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Ұлттық кітапханасы базасында өткізілді.
Жоғары оқу орындары арасындағы олимпиадаға Алматы қаласының жетекші университеттерінен 45 білім алушы қатысты. Олардың қатарында КБТУ, Satbayev University, Абай атындағы ҚазҰПУ, АТУ, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ бар.
Олимпиаданың бірінші күні қатысушылар химия бойынша тест тапсырмаларына жауап беріп, логикалық тапсырмаларды орындады. I және II тур қорытындысы бойынша 35 қатысушы III турға өтті. Үшінші турда студенттерге, магистранттарға және докторанттарға химия бойынша есептерді шығару ұсынылды.
Екі күн ішінде өткен олимпиаданың үшінші кезеңі нәтижесі бойынша ең көп ұпай жинаған финалистер анықталды.
Олимпиада ұйымдастырушылары алғашқы бес финалисті қаржылай марапаттау туралы шешім қабылдады. Іс-шара демеушісі ұсынған жалпы жүлде қоры 500 000 теңгені құрады.
Д. В. Сокольский атындағы «Жанармай, катализ және электрохимия ғылыми-зерттеу институты» АҚ директорының орынбасары, PhD, қауымдастырылған профессор Талғатов Е. Т. олимпиада жеңімпаздары мен қатысушыларына дипломдар мен естелік сыйлықтар табыстады. Білім алушылар үшін өз білімдерін көрсетіп қана қоймай, химия, катализ және электрохимия бағыттары бойынша күрделі логикалық тапсырмалар мен химиялық есептерді шешу қабілеттерін дәлелдеуге, сондай-ақ аталған институт зертханаларында жазғы тағылымдамадан өтіп, құнды практикалық тәжірибе жинақтауға мүмкіндік туды.
Физикалық химия, катализ және мұнайхимия кафедрасының доценттері
әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Ташмұхамбетова Ж.Х. және Ешова Ж.Т.

Басқа жаңалықтар