Сөз зергеріне арналған сырлы кеш
Журналистика факультетінде қазақ публицистикасының көрнекті өкілі, баспагер әрі қаламгер Мағира Қожахметованың 80 жылдық мерейтойына арналған «Әлемді әсем еткен арулар» атты әдеби-сазды мерекелік кеш өтті. Сөз зергеріне арналған сырлы кеш қазақ баспасөзінің дамуына сүбелі үлес қосқан қаламгердің шығармашылық жолын танытуға, оның журналистика мен баспагерлік саласындағы тәжірибесін жас буынға насихаттауға арналды.
Журналистика факультетінің деканы, белгілі медиа маманы Қанат Әуесбайұлы кештің модераторы болды. Жиынды ашқан декан мерейтой иесінің ұлттық журналистикадағы орнына тоқталып, оның шығармашылығы мен қоғамдық қызметі бірнеше буын журналистер үшін үлгі екенін атап өтті.
Іс-шара екі бөлімнен тұрды. Алғашқы бөлімі «Редактор мінбері» деп аталып, Марат Барманқұлов атындағы телестудияда кәсіби сұхбат форматында өрбіді. Шамамен 30 минутқа созылған бұл бөлімде Қанат Әуесбайұлы мерейтой иесімен еркін әңгіме өрбітіп, оның шығармашылық және редакторлық қызметінің маңызды кезеңдерін қамтыды. Сұхбат барысында Мағира Қожахметова республикалық басылымдардағы алғашқы еңбек жолы, журналистикадағы алғашқы тәжірибелері мен кәсіби қалыптасу кезеңі туралы естеліктерімен бөлісті.
Сонымен қатар ұзақ жылдар бойы бас редакторы болған «Ақ желкен» журналындағы тәжірибесіне тоқталып, балалар мен жасөспірімдерге арналған басылымның тәрбиелік-танымдық маңызы жайында ой қозғады. Қаламгер балалар баспасөзінің өзіндік ерекшеліктерін, сондай-ақ әйелдер аудиториясына арналған журналдардың мазмұндық бағыты мен жауапкершілігі туралы тың ойларын айтты. Баспагерлік қызметтің қиындықтары мен шығармашылық еркіндік мәселелері де сұхбаттың маңызды тақырыптарының бірі болды.
Сұхбат барысында студенттер өздерін толғандырған сауалдарын қойды. Олар «Жақсы журналист қандай болуы керек?» және «Қазіргі медианың басты мәселесі неде?» деген сұрақтар төңірегінде ой қозғап, тәжірибелі маманның пікірін тыңдады. Өз кезегінде Мағира Қожахметова болашақ журналистерге кәсіби адалдық, ізденіс пен жауапкершілік туралы кеңесін айтып, жас мамандарға үнемі оқып-үйреніп, қоғам мүддесіне қызмет ететін журналист болуға шақырды.
Кештің екінші бөлімі «Қаламгер әлемі» атты әдеби-танымдық бөліммен жалғасты. Бұл бөлімде Баспасөз және электронды БАҚ кафедрасының профессоры Жидегүл Әбдіжәділқызы мерейтой иесіне құттықтау сөз айтып, оның шығармашылығы қазақ әдебиеті мен журналистикасының тоғысында қалыптасқан ерекше құбылыс екенін атап өтті.
Профессордың жетекшілігімен 201-топ студенттері қаламгер шығармалары негізінде әдеби-мәтіндік композиция дайындады. Шара барысында студенттер жазушы прозасының көркемдік қуатын мәнерлеп оқу арқылы көрерменге әсерлі жеткізді. Атап айтқанда Әнел Бағысбек «Жападан-жалғыз» шығармасынан үзінді оқыса, Тоғжан Әбутәліп «Мәншүк – ғұмыр» туындысын мәнерлеп орындады. Ал Ерхан Аппаз «Жантәсілім» шығармасынан үзінді ұсынып, кейіпкердің ішкі толғанысын әсерлі жеткізе білді.
Сондай-ақ Айзат Ахметқали «Ақбай» шығармасын көркемдік нақышымен оқып, Ерғали Байдулла «Иманжүсіп» туындысындағы тарихи тұлғаның бейнесін айшықтай түсті. Ал Тельман Абдуллаев «Адам – құпия» шығармасынан үзінді оқып, автор көтерген философиялық ойларды терең сезіммен жеткізді. Студенттердің мәнерлеп оқыған әдеби композициясын Мағира Қожахметова ерекше ықыласпен ұйып тыңдады. Шығармаларын бұрын көбіне іштей оқитынын айтқан қаламгер жастардың орындауына риза болып, өз мәтіндерін дауыстап оқуға да болатынын осы кеште жаңаша сезінгенін жеткізді.
Кеш соңында Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Басқарма Төрағасы – Ректор Жансейіт Түймебаевтың атынан қазақтың дәстүрлі құрметі ретінде иығына шапан жабылып, ақ орамал мен ықылас гүлдері табысталды.
Нұрлыайым ТҰРСЫНБАЙҚЫЗЫ,
журналистика факультеті деканының әлеуметтік-тәрбие жұмысы жөніндегі орынбасары