Журналистика факультетінің кезекті 9 ылыми кеңесі өтті.
ТДМ-4 Факультетте «Фараби әлемі – 2026» атты дәстүрлі студенттік ғылыми конференциясына дайындық жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Аталған мәселе бойынша деканның ғылыми-инновациялық жұмысы және халықаралық байланыстар жөніндегі орынбасары Ақынбекова Алтын Бақашқызы баяндама жасады. Баяндамада конференцияны ұйымдастыру барысы, қатысушылардың ғылыми жұмыстарын іріктеу кезеңдері, секциялық отырыстарды өткізу тәртібі, сондай-ақ халықаралық ынтымақтастық аясындағы мүмкіндіктер жан-жақты қарастырылды.
Күн тәртібіндегі келесі мәселе – «ҚазҰУ Хабаршысы. Журналистика сериясы» ғылыми басылымының жарияланым сапасы мен қазіргі жағдайы. Бұл жөнінде журналдың жауапты хатшысы Дудинова Елена Ивановна баяндама жасап, мақала сапасын арттыру, халықаралық талаптарға сәйкестікті қамтамасыз ету, рецензиялау үдерісін жетілдіру және басылымның ғылыми беделін көтеру бағытындағы өзекті мәселелерге тоқталды.
Сонымен қатар, факультетте халықаралық QS World University Rankings рейтингі көрсеткіштерін арттыру мақсатында кафедралар жүйелі жұмыс жүргізуде. Бұл бағытта білім беру сапасын жақсарту, ғылыми жарияланымдардың санын көбейту және олардың дәйексөзделу деңгейін арттыру, сондай-ақ оқытушылардың халықаралық ғылыми жобаларға қатысуын кеңейтуге ерекше назар аударылуда.
Бұдан бөлек, шетелдік жоғары оқу орындарымен академиялық ұтқырлықты дамыту, бірлескен ғылыми зерттеулер жүргізу және халықаралық серіктестікті нығайту бағытындағы жұмыстар белсенді түрде іске асырылуда.
Жалпы алғанда, QS рейтингі талаптарына сәйкес көрсеткіштерді жақсарту мақсатында кафедралар тарапынан кешенді және жүйелі жұмыстар жүргізілуде.