ҚазҰУ қалашығында жаппай тазалық шарасы өтті — ҚазҰУ

91ý

ҚазҰУ қалашығында жаппай тазалық шарасы өтті

4 сәуір 2026
ҚазҰУ қалашығында жаппай тазалық шарасы өтті

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында жалпыуниверситеттік сенбілік ұйымдастырылды. Ауқымды шара «Наурызнама» онкүндігінен бастау алған игі бастамалардың жалғасына айналды.

Тазалық науқанына университеттің 16 факультетінің оқытушылары мен студенттері, сондай-ақ барлық құрылымдық бөлімше қызметкерлері жұмыла кірісті.

Қатысушылар оқу қалашығының аумағын жапырақтар мен тұрмыстық қалдықтардан арылтып, айналаны ретке келтірді. Оқу корпустары мен жатақханалар маңы абаттандырылып, ағаш түптері әктелді. Сенбілікке 12 арнайы техника жұмылдырылды.

Сондай-ақ шара барысында білім алушыларға қоршаған ортаны аялаудың мәні мен қалдықтарды сұрыптау әдебі насихатталды. Ұйымдастырушылар мұндай бастамалардың жастарды ұлттық құндылықтарға негізделген еңбекқорлық пен табиғатқа жанашырлықпен қарауға тәрбиелейтінін атап өтті.

Сенбілікке белсене қатысқан механика-математика факультетінің 2-курс студенті Батырбек Қыдырбек: «Биылғы Наурыз мерекесінен басталған тазалық шаралары бізге үлкен жауапкершілік жүктеді. Университет қалашығын өз үйіміздей көреміз. Оның көркейе түсуіне үлес қосу – әрбір студенттің борышы», – деп атап өтті.

Ал 2-курс студенті Айдана Бейсенғазы бұл шараның маңызына тоқталып: «Бүгінгі сенбілік бізге тек аумақты тазалап қана қоймай, бірлік пен жауапкершілікті сезінуге мүмкіндік берді. Біз табиғатты қорғау арқылы еліміздің ертеңіне қамқорлық жасаймыз», – деді.

«Таза Қазақстан» акциясы аясындағы абаттандыру жұмыстары университетте алдағы уақытта да тұрақты түрде жүргізіледі.

 

 

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі