ТДМ-4 «Сапалы білім» бағыты аясында ф.ғ.д., профессор З.Н. Сейітжанов пен докторант Бекжан Базарбектің ұйымдастыруымен «Қазақтың импровизациялық өнері» пәні шеңберінде “Сөз қадірі – өз қадірің” атты тағылымды кездесу өтті. Аталған іс-шара тәжірибелі педагог, білім беру тренері Саят Ибраимовмен кездесу форматында ұйымдастырылып, мазмұнды әрі әсерлі өтті.
Кездесу барысында сөз мәдениетінің мәні, шешендік өнердің тарихи-танымдық құндылығы, сөздің адам өміріндегі және қоғамдық санадағы рөлі жан-жақты талқыланды. Қонақ өз кәсіби тәжірибесіне сүйене отырып, жастарға ойды жүйелі жеткізу, сөзді орнымен қолдану, аудиториямен байланыс орнату және импровизациялық қабілетті дамыту жолдары жөнінде маңызды кеңестер берді. Сонымен қатар, сөз өнерінің тек коммуникациялық құрал ғана емес, тұлғаның ішкі мәдениетін, дүниетанымын айқындайтын маңызды фактор екені атап өтілді.
Кездесу барысында студенттер ерекше белсенділік танытып, өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, мазмұнды әрі терең жауаптар алды. Ашық пікір алмасу форматында өткен тәрбие сағаты олардың сыни ойлау дағдыларын жетілдіріп, еркін пікір білдіру мәдениетін қалыптастыруға ықпал етті.
Осындай мазмұнды кездесулер жастардың сөз өнеріне деген құрметін арттырып қана қоймай, олардың ойлау мәдениетін, сөйлеу шеберлігін және тұлғалық дамуын жетілдіруге зор үлес қосатыны сөзсіз.
Басқа жаңалықтар