Болашақ PR мамандары үшін кәсіби алаң – «Сиреневый PRорыв»Farabi University

91ý

Болашақ PR мамандары үшін кәсіби алаң – «Сиреневый PRорыв»

6 сәуір 2026
Болашақ PR мамандары үшін кәсіби алаң – «Сиреневый PRорыв»

ТДМ-4 Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Журналистика факультетінде «Қоғаммен байланыс (PR)» мамандығының қазақ және орыс бөлім студенттеріне арналған «Сиреневый PRорыв» тақырыбында академиялық-тәжірибелік форматтағы мастер-класс өткізілді. Іс-шараның негізгі мақсаты – студенттерді PR саласындағы заманауи үрдістермен таныстыру, кәсіби құзыреттерін дамыту және оларды салалық байқауларға қатысуға ынталандыру.

«Сиреневый PRорыв» – Қазақстан PR-клубы ұйымдастыратын PR, маркетингтік коммуникациялар, медиа және digital-жобалар бағытындағы жыл сайынғы республикалық студенттік байқау. Аталған жоба кәсіби орта мен білім алушылар арасындағы байланысты нығайтып, теориялық білімді тәжірибемен ұштастыруға мүмкіндік беретін маңызды платформа болып табылады. Байқау студенттерді, жас мамандарды және сала сарапшыларын біріктіріп, тәжірибе алмасу, кәсіби желі қалыптастыру және жаңа идеяларды ілгерілету міндеттерін жүзеге асырады.

Айта кету керек, «Сиреневый PRорыв» халықаралық студенттік конференциясы 2002 жылдан бері тұрақты түрде өткізіліп келеді. 2026 жылы жоба алғаш рет фестиваль форматында ұйымдастырылып, қатысушыларға мазмұндық және құрылымдық тұрғыдан кеңейтілген мүмкіндіктер ұсынбақ.

Мастер-класс аясында PRshy клубының мүшелері – Майраш Тайкенова, Лаура Барысова, Дина Сабырова және Адия Байдилдина спикер ретінде баяндама жасап, байқаудың құрылымы, номинациялары, бағалау критерийлері мен қатысу талаптары туралы кешенді ақпарат ұсынды. Сонымен қатар, спикерлер өздерінің практикалық тәжірибелерімен бөлісіп, PR-жобаларды әзірлеу және жүзеге асырудың тиімді стратегияларын талдады.

Іс-шара барысында студенттер интерактивті талқылауларға қатысып, өздерін қызықтырған кәсіби сұрақтарға жауап алды. Бұл үдеріс білім алушылардың сыни ойлау қабілетін дамытуға және коммуникациялық дағдыларын жетілдіруге ықпал етті.

Қорытындылай келе, аталған мастер-класс болашақ PR мамандары үшін теория мен практиканы ұштастыратын тиімді білім беру алаңы ретінде бағаланды. Мұндай академиялық-тәжірибелік іс-шаралар студенттердің кәсіби бағдарын айқындап, олардың еңбек нарығындағы бәсекеге қабілеттілігін арттыруға елеулі үлес қосады.