«Гениалды роман деген не?» — ҚазҰУ

91ý

«Гениалды роман деген не?»

2 сәуір 2026
«Гениалды роман деген не?»

«Сапалы білім» атты тұрақты дамудың №4 мақсаты аясында әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың филология факультетінде 2026 жылдың 2 сәуірінде сағат 14:00-де «Гениальный роман деген не?» атты ғылыми-танымдық кездесу ұйымдастырылды. Іс-шараның негізгі мақсаты – «гениалды роман» феноменін ғылыми тұрғыда пайымдау, көркем мәтінді бағалау критерийлерін айқындау және студенттердің әдеби-теориялық ойлау көкжиегін кеңейту болды.

Шара филология факультетінің оқытушылары С. Дәрібайұлы мен Е. М. Солтанаеваның ұйымдастыруымен өтті. Кездесуге арнайы спикер ретінде Mecenat.kz әдеби сыйлығының негізін қалаушы, 2005 жылдан бері ТМД кеңістігіндегі үздік PR және GR маманы Аскарбеков Ерлан Қуанышевич шақырылды.

Кездесу барысында спикер қазіргі әдеби үдерістегі «вирусабельность» ұғымына ерекше тоқталып, оның мәтіннің кең аудиторияға жылдам таралуы, оқылым деңгейінің жоғары болуы және тираждық көрсеткіштерінің артуымен тікелей байланысты екенін атап өтті. Осы тұрғыда ол бүгінгі әдеби кеңістікте оқырманмен байланыс орнатудың жаңа механизмдері қалыптасып келе жатқанын ғылыми негізде түсіндірді.

Сонымен қатар, Ерлан Қуанышевич жас қаламгерлерді белсенді шығармашылыққа шақырып, роман жазуға, әдеби бәйгелерге қатысуға үндеді. Mecenat.kz әдеби сыйлығы әділдік қағидаттарына негізделіп ұйымдастырылады және жеңімпаздар өмір бойы ай сайын 500 АҚШ доллары көлемінде қаржылай қолдауға ие болады. Бұл бастама әдеби еңбекті тұрақты қолдау мен ынталандырудың маңызды тетігі ретінде бағаланды.

Спикер өз сөзінде ұлттық әдебиеттің әлеуетін ерекше атап өтіп, қазақ жазушылары әлемдік деңгейде танылып, Нобель сыйлығына лайық туындылар жазуы қажеттігін айтты. Бұл пікір студент жастарға үлкен мотивация беріп, олардың шығармашылық ізденісіне серпін қосты.

Іс-шара ашық диалог форматында өтіп, студенттер өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, мазмұнды әрі жан-жақты жауаптар алды. Кездесу ғылыми-танымдық мазмұнымен қатар, кәсіби бағдар беру тұрғысынан да маңызды алаңға айналды.

Аталған шараға филология факультетінің студенттері мен оқытушы-профессорлық құрамы қатысып, әдебиет пен заманауи мәдени кеңістік мәселелері бойынша өзара пікір алмасты.

Солтанаева Е. М.