Тасымалдау жүйесі бойынша онлайн курс іске қосылды
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Open KazNU платформасында «Біртұтас тасымалдау жүйесі» атты жаңа ашық онлайн курс іске қосылды.
Оқу барысында тыңдаушылар көлік түрлерінің өзара байланысын, логистика мен инфрақұрылым негіздерін, сондай-ақ тасымал тиімділігін бағалау тәсілдерін игереді. Бағдарлама техникалық және логистикалық бағыттағы студенттер мен сала мамандарына арналған.
Курс авторлары – Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Экономика және бизнес жоғары мектебінің Қаржы және есеп кафедрасының меңгерушісі, профессор Рысты Сартова және Торайғыров университеті инженерия факультетінің Көлік техникасы және логистика кафедрасының доценті, PhD Аңсаған Сүлейменов.

Мұндағы мақсат – көлік жүйесін біртұтас кешен ретінде қарастырып, оның құрылымы мен жұмыс істеу тетіктерін жүйелі түрде талдау. Оқу барысында тыңдаушылар көлік жүйесінің негізгі көрсеткіштерін бағалау, жүк және жолаушылар тасымалын ұйымдастыру, логистикалық үдерістерді оңтайландыру және көлік инфрақұрылымының тиімділігін анықтау дағдыларын меңгереді.
Курс сегіз модульден тұрады және көлік жүйесінің негізгі бағыттарын қамтиды. Оқу нәтижесінде тыңдаушылар көлік жүйелерін талдап, заманауи логистика әдістерін қолдана алады, сондай-ақ инфрақұрылымды дамыту бойынша шешім қабылдау қабілетін қалыптастырады. Курс соңында барлық тапсырмалар мен бағалау элементтері бойынша кемінде 70 пайыз нәтижеге қол жеткізген тыңдаушыларға сертификат беріледі.
Бұл бірлескен білім беру жобасы жоғары білім сапасын арттыруға және көлік пен логистика саласындағы заманауи білім беруді дамытуға бағытталған.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі