Әзірбайжан делегациясы ҚазҰУ-дың ғылыми зертханаларымен танысты — ҚазҰУ

91ý

Әзірбайжан делегациясы ҚазҰУ-дың ғылыми зертханаларымен танысты

7 сәуір 2026
Әзірбайжан делегациясы ҚазҰУ-дың ғылыми зертханаларымен танысты

Әзірбайжан Республикасының ғылым және білім министрі Эмин Амруллаев  бастаған Әзірбайжан жоғары оқу орындарының ректорлары Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ғылыми инфрақұрылымымен танысты.

Құрметті меймандарға соңғы жылдары іске қосылған ғылыми орталықтар мен зертханалар таныстырылып, университет ғалымдары әзірлеген отандық инновациялық жобалар көрсетілді.

Делегация мүшелері Германияның Kuka роботтарымен жарақтандырылған Робототехника орталығының қызметіне ерекше назар аударды. Сонымен қатар Қытаймен бірлесіп ашылған Цифрлық технологиялар және робототехника халықаралық институты мен Робототехника орталығының жұмыс барысы таныстырылды. Бұл орталықтарда студенттер заманауи роботтармен тікелей жұмыс істей отырып, практикалық тәжірибе жинақтауға мүмкіндік алған.

Сапар аясында қонақтар ҚазҰУ-дың суперкомпьютер кластерінде болып, жоғары технологиялық құрылғының техникалық мүмкіндіктерін бағамдады. Өнімділігі 2000 терафлопсты құрайтын бұл кешен Орталық Азиядағы ең қуатты суперкомпьютер саналады. Оның есептеу қуаты ең заманауи дербес компьютерлерден шамамен 10 мың есе жоғары екені атап өтілді.

Сондай-ақ әзірбайжандық әріптестерге университеттің химия және биология салалары бойынша жүзеге асырып жатқан ауқымды ғылыми жобалары таныстырылып, өзара тәжірибе алмасудың маңыздылығы сөз болды. 

 

 

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі