Экономикалық тұрақтылықтың жаңа модельдері сарапталды — ҚазҰУ

91ý

Экономикалық тұрақтылықтың жаңа модельдері сарапталды

7 сәуір 2026
Экономикалық тұрақтылықтың жаңа модельдері сарапталды

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде «Жаһандық өзгерістер жағдайындағы тұрақты экономикалық даму парадигмасы: сын-қатерлер, салдарлар, мүмкіндіктер» атты IV халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. V халықаралық Фараби форумы аясында Экономика және бизнес жоғары мектебі ұйымдастырған бұл ауқымды шара жетекші ғалымдарды, мемлекеттік құрылым өкілдерін және ірі компаниялардың топ-менеджментін бір алаңға тоғыстырды.

Пленарлық мәжілісті ашқан ҚазҰУ Басқарма Төрағасының орынбасары – бірінші проректор Еркін Дүйсенов университет басшылығы атынан қатысушыларды құттықтады. Өз сөзінде ол экономикалық модельдердің терең трансформациясына тоқталды. «Қазіргі тұрақты даму парадигмасы экономикалық өсім мен экологиялық жауапкершілік арасындағы теңгерім туралы дәстүрлі түсініктен әлдеқайда кең ауқымды қамтиды. Ол институттардың тұрақтылығы, технологиялық егемендік, қаржылық қауіпсіздік пен инклюзивті даму негізгі рөл атқаратын көпөлшемді жүйеге айналуда», – деп атап өтті Еркін Дүйсенов.

Сондай-ақ спикер экономикалық қайта құрулардың құқықтық аспектілеріне егжей-тегжейлі тоқталып, 2022 жылғы конституциялық реформа бойынша жер мен жер қойнауы Қазақстан халқына тиесілі болып бекітілгенін еске салды. Бірінші проректордың айтуынша, жалпыхалықтық меншік нысанын орнату жергілікті өзін-өзі басқаруды дамытуға мықты негіз қалайды. Ол: «Дәл осы муниципалдық меншік азаматтық қоғамның маңызды институты – жергілікті өзін-өзі басқарудың дамуына жағдай жасайды», – деген сенімін білдірді.

 

Пленарлық отырыста Қазақстан Республикасының Қаржы министрі Мәди Такиев сөз сөйлеп, конференцияға қатысушылардың назарына мазмұнды баяндама жасап, жаһандық өзгерістер жағдайындағы экономикалық дамудың өзекті мәселелері бойынша пікір білдірді.

Конференция бағдарламасы жасанды интеллект дәуіріндегі цифрлық серпілістен бастап, макроэкономикалық тұрақтылық мәселелеріне дейінгі кең ауқымды тақырыптарды қамтыды. Пікірталасқа Малайзия, Индонезия, Швеция, Ресей және Өзбекстаннан келген халықаралық сарапшылар қатысты. Дүниежүзілік банктің операциялық менеджері Инду Джон Абрахам, «Қазақстан Халық банкі» АҚ басқарма төрағасы Үміт Шаяхметова, MasterCard вице-президенті Эля Мамлеева және басқа да танымал сала көшбасшылары баяндама жасады.

Қатысушылар Қазақстан дамуының стратегиялық басымдықтарын, агроөнеркәсіптік кешеннің цифрлық трансформациясын және бизнестің жаңа модельдерін талқылады. Секциялық отырыстар мен шеберлік сабақтары аясында қаржылық сауаттылық, есеп беру процестеріне жасанды интеллектіні енгізу және ғылыми қауымдастық пен экономиканың нақты секторы арасындағы байланысты нығайту мәселелері сөз болды.

Жиын қорытындысы бойынша ұлттық экономиканы заманауи сын-қатерлерге бейімдеу және халықаралық ынтымақтастықты нығайту жөніндегі ұсынымдар әзірленді.

 

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі