ҚазҰУ суперкомпьютері «Қазгидромет» болжамдарының дәлдігін арттырады — ҚазҰУ

91ý

ҚазҰУ суперкомпьютері «Қазгидромет» болжамдарының дәлдігін арттырады

8 сәуір 2026
ҚазҰУ суперкомпьютері «Қазгидромет» болжамдарының дәлдігін арттырады

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті мен «Қазгидромет» орталығы арасындағы ғылыми серіктестік жаңа технологиялық деңгейге көтерілді. Тараптар бірлескен жобалар аясында гидрометеорология саласын цифрландырудың келесі кезеңдерін жүзеге асыруда. Осы мақсатта өткен кезекті жұмыс кездесуінде ҚазҰУ ғалымдары екіжақты ғылыми-техникалық ынтымақтастықты дамытудың басым бағыттарын нақтылады.

Жиын барысында заманауи технологиялық ресурстарды пайдалану арқылы қол жеткізілген аралық нәтижелер жоғары бағаланып, алдағы стратегиялық жоспарлар сараланды. Сұхбаттың негізгі өзегі – суперкомпьютер қуаты мен Weather Research and Forecasting (WRF) жүйесіне негізделген жоғары дәлдіктегі сандық болжау моделін іс жүзінде қолдану мәселесі болды.

Инновациялық модельдің техникалық мүмкіндіктері мен есептеу қуаты туралы Farabi Supercomputer Center директоры Әмірхан Темірбаев толық ақпарат берді. Ол 2 шақырымдық кеңістіктік рұқсаттылықпен жұмыс істейтін модельдің Қазақстан аумағындағы метеорологиялық болжамдардың сапасын айтарлықтай жақсартуға жол ашатынын атап өтті.

Өз кезегінде Farabi Cluster бас директоры Өміржан Тәукебаев қолданбалы есептерді шешу үшін суперкомпьютерлік технологияларды қолдану аясын кеңейту мәселесіне тоқталды. Оның айтуынша, болжамды жақсарту үшін жасанды интеллектіні пайдалану және «үлкен деректерді» (Big Data) өңдеу мен талдаудың заманауи әдістерін интеграциялау – басты басымдықтардың бірі.

Сондай-ақ кездесуде деректерді өңдеу жылдамдығы мен жүйенің тиімділігін арттыру бағыттары қаралды. Жиын қорытындысы бойынша климаттық мониторинг және гидрометеорологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласындағы бірлескен зерттеулерді тереңдету туралы маңызды уағдаластықтарға қол жеткізілді.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі