Ынтымақтастықтың жаңа бағыттары айқындалды — ҚазҰУ

91ý

Ынтымақтастықтың жаңа бағыттары айқындалды

8 сәуір 2026
Ынтымақтастықтың жаңа бағыттары айқындалды

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде ғылыми-инновациялық қызмет жөніндегі проректор Марғұлан Ибраимов Бұхара халықаралық университетінің ректоры Шариф Баратов бастаған делегациямен кездесті. Жүздесудің басты мақсаты – екі жоғары оқу орны арасындағы білім беру байланыстарын нығайту және ғылыми-зерттеу саласындағы ынтымақтастықтың жаңа бағыттарын айқындау.

Кездесу барысында Марғұлан Ибраимов ҚазҰУ-дың ғылыми әлеуетіне тоқталып, университеттің Өзбекстанның 20 жетекші жоғары оқу орнымен тығыз байланыс орнатқанын атап өтті. Сондай-ақ проректор Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың университетке сапары кезінде жүктеген техникалық мамандықтарды дамыту және ғылымды коммерцияландыру міндеттері аясында атқарылып жатқан жұмыстарды баяндады. Соңғы жылдары оқу орнында 50 жаңа зертхана ашылып, ғылыми инфрақұрылым айтарлықтай жаңартылған.

«Біз Бұхара халықаралық университетімен академиялық мобильдікті арттыруға, магистранттар мен докторанттар үшін тағылымдамалар ұйымдастыруға және бірлескен қысқы-жазғы мектептер өткізуге дайынбыз. Сонымен қатар Орталық Азия тарихына қатысты жаңа басылымдармен толыққан біздің сирек кездесетін кітаптар қоры өзбекстандық ғалымдар үшін үлкен ғылыми қызығушылық тудыратынына сенімдімін», – деді проректор.

Бұхара халықаралық университетінің ректоры Шариф Баратов өз кезегінде БХУ-дың IT, экономика және педагогика бағыттарында халықаралық стандарттар бойынша кадр даярлау тәжірибесімен бөлісті. Ол ҚазҰУ-мен арадағы меморандумды нақты істермен толықтыруға ниетті екенін жеткізді. «Біз бірлескен конференциялар өткізуге және ғылыми коллаборация орнатуға мүдделіміз. Университетімізде ВАК тізіміндегі төрт журнал шығады, бұл ҚазҰУ ғалымдары үшін де зерттеу нәтижелерін жариялауға жақсы мүмкіндік. Сондай-ақ біздің докторанттар ҚазҰУ-дың ғылыми мектептері негізінде диссертациялық жұмыстарын қорғауға ынталы», – деді Шариф Баратов.

Кездесу соңында тараптар оқытушылардың біліктілігін арттыру және бірлескен ғылыми жобаларды жүзеге асыру мәселелерін талқылады. Сапар аясында қонақтар университеттің халықаралық қатынастар, шығыстану, философия және саясаттану факультеттерін аралап, кампус-турға қатысты.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі