«Сәнік оқулары» жаңа идеялар қалыптастырады
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың журналистика факультетінде дәстүрлі «Сәнік оқулары» аясында «Зейнолла Сәнік – жазушы, баспагер, редактор, этнограф» атты республикалық дөңгелек үстел өтті.
Жиынға зиялы қауым өкілдері, белгілі қаламгерлер, Зейнолла Сәніктің отбасы, әріптестері, шәкірттері, журналистика факультетінің оқытушы-ғалымдары, белгілі баспагерлер, дизайнерлер және білім алушы жастар қатысты.

Дөңгелек үстелде сөз алған журналистика факультетінің деканы м.а. Мәншүк Мұқашева: «Зейнолла Сәнік – ұлттық руханият пен әдебиеттің дамуына өлшеусіз үлес қосқан тұлға. Оның шығармашылық мұрасы тек әдебиетпен шектелмей, баспа ісі, этнография салаларын да қамтиды. Бүгінгі шараның басты мақсаты – жас ұрпаққа осы мұраны кеңінен таныстыру, студенттер мен жас ғалымдардың ғылыми ізденістеріне серпін беру, олардың шығармашылық әлеуетін арттыру. Мұндай жиындар жас буынның рухани дүниесін байытып, ұлттық мұраға деген қызығушылығын арттыра түседі», – деді.

Студенттер мен жас ғалымдардың ғылыми ізденісін арттырып, шығармашылық ойы мен жаңа идеяларын жүзеге асыруға бағытталған байқауда жазушы, баспагер, редактор, этнограф Зейнолла Сәніктің әдебиетке, баспа ісін дамытуға қосқан ерекше үлесі өскелең ұрпаққа жан-жақты таныстырылды.

Жиын барысында «Үздік баспасөз жарияланымы», «Үздік ғылыми жұмыс», «Дизайн өнерінің үздік туындысы» аталымдары бойынша студенттер арасында байқау ұйымдастырылды. Нәтижесінде үздік деп танылған жұмыс авторларына Зейнолла Сәнік атындағы мәдениет қорының демеушілігімен бір мәрте берілетін шәкіртақы сертификаты мен Зейнолла Сәнік отбасының атынан алғыс хат табысталды.

2018 жылы құрылған Зейнолла Сәнік атындағы мәдениет қоры жазушының шығармаларын насихаттау, зерттеумен қатар, әдеби-мәдени, ғылыми бағыттағы іс-шараларды өткізіп келеді.





Әл-Фараби атындағы ҚазҰУдың Баспасөз қызметі