Теория мен практиканың ұштасуы: Педагогикалық жүйелерді басқарудың заманауи тетіктері — ҚазҰУ

91ý

Теория мен практиканың ұштасуы: Педагогикалық жүйелерді басқарудың заманауи тетіктері

19 наурыз 2026
Теория мен практиканың ұштасуы: Педагогикалық жүйелерді басқарудың заманауи тетіктері

Педагогика және білім беру менеджменті кафедрасының педагогикалық практикасы аясында маңызды ғылыми-әдістемелік іс-шара өтті. «7М01802 – Әлеуметтік педагогика және өзін-өзі тану» білім беру бағдарламасының 2-курс магистранттары үшін «Білім беру жүйесіндегі әлеуметтік басқару» пәні бойынша ашық дәріс сабағы өткізілді.

Дәріс тақырыбы — «Білім берудегі менеджмент – педагогикалық жүйелерді басқару теориясы мен технологиясы». Іс-шара гибридті форматта (офлайн және ZOOM платформасы арқылы) жүргізіліп, заманауи білім беру технологияларының тиімділігін көрсетті. Дәрістің мақсаты — магистранттарға басқарудың теориялық негіздерін тереңдетіп түсіндіру және заманауи менеджмент технологияларын меңгерту.

Іс-шара тұрақты даму мақсаттары (ТДМ) аясындағы келесі басымдықтарды іске асыруға бағытталды. Ең алдымен, ТДМ 4 (Сапалы білім беру) шеңберінде болашақ мамандардың кәсіби даярлық деңгейін арттыру және білім беру жүйесін басқарудың әдістерін енгізу мәселелері қарастырылды. Сонымен қатар, ТДМ 9 (Индустрияландыру, инновациялар және инфрақұрылым) бағыты бойынша оқу үдерісінде инновациялық менеджмент технологияларын қолдану мен гибридті инфрақұрылымды дамытуға баса назар аударылды. Ал ТДМ 17 (Тұрақты даму жолындағы серіктестік) басымдығы аясында педагогикалық жүйелерді тиімді басқару мақсатында түрлі әлеуметтік топтар мен институттардың өзара әрекеттесу тетіктерін нығайту көзделді.

Ашық дәрісті педагогикалық практика аясында докторант А.Е. Исмайлова (8D01802 – Әлеуметтік педагогика) жүргізді. Пән оқытушысы — п.ғ.к. А.М. Кудайбергенова.