Әл-Фараби мұрасының ЖИ дәуіріндегі сабақтастығы сараланды — ҚазҰУ

91ý

Әл-Фараби мұрасының ЖИ дәуіріндегі сабақтастығы сараланды

9 сәуір 2026
Әл-Фараби мұрасының ЖИ дәуіріндегі сабақтастығы сараланды

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде V халықаралық Фараби форумы аясында «Әл-Фараби және жаһандық өркениет: философия, ғылым және рухани құндылықтардың бірлігі» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция салтанатты түрде ашылды. Ауқымды жиынға шетелдік жетекші ғалымдар, зерттеушілер, дипломатиялық корпус өкілдері және әлемнің түкпір-түкпірінен келген танымал мамандар қатысуда. 

Шара дәстүр бойынша ұлы ойшыл Әбу Насыр әл-Фараби ескерткішіне гүл шоқтарын қою рәсімімен басталды. Қонақтар университет қалашығындағы Әл-Фараби музейі мен университет музейін аралау арқылы оқу орнының тарихы және ойшылдың бірегей ғылыми мұрасымен танысты.

Конференцияның ресми ашылуында сөз сөйлеген Басқарма мүшесі – ғылыми-инновациялық қызмет жөніндегі проректор Марғұлан Ибраимов Фараби идеяларының қазіргі ғылымды дамытудағы рөліне тоқталып, форумның философия мен тәжірибені ұштастыратын бірегей платформаға айналғанын атап өтті.

Академиялық байланыстарды нығайтудың маңыздылығына тоқталған дипломатиялық корпус өкілдері мен халықаралық серіктестер форум жұмысына табыс тіледі. Атап айтқанда Алматыдағы Иран Ислам Республикасының консулы Сона Ахмади, Қазақстандағы Сирияның құрметті консулы Дерех Самир Али, Қытай Халық Республикасының білім мәселелері бойынша атташесі Хуан Сяоминь және Түркия Республикасының Алматы қаласындағы білім істері бойынша атташесі Шукюр Косе құттықтау сөз сөйледі. Сондай-ақ халықаралық деңгейдегі ғылыми интеграцияның маңызы туралы Нұр-Мүбарак университетінің ректоры Ахмед Хусейн мен Бұхара халықаралық университетінің ректоры Шариф Боротов өз ойларын ортаға салды.

Пленарлық мәжіліс аясында «Әл-Фараби және түркі ренессансы» атты жаңа басылымның таныстырылымы өтіп, профессорлар Жақыпбек Алтаев, Әшірбек Муминов және Наталья Сейтахметова ойшыл мұрасының цифрландыру мен жасанды интеллект дәуіріндегі сабақтастығы туралы баяндамалар жасады.

Ары қарай форум жұмысы секциялық отырыстар мен дөңгелек үстелдерге ұласты. Қатысушылар бірлескен ғылыми жобалар мен жаңа оқыту әдістемелерін талқылауда. Жиын соңында халықаралық ынтымақтастықтың жаңа бағыттарын айқындайтын арнайы резолюция қабылдау жоспарланған. 

 

 

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі