ЗЕРТТЕУ ӘДІСТЕРІН ДҰРЫС ТАҢДАУ – ҒЫЛЫМИ ЖҰМЫС САПАСЫН АРТТЫРУДЫҢ НЕГІЗІ
2025 жылғы 7 сәуірде Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Шығыстану факультетінде ғылым мен білімді ұштастырған маңызды академиялық іс-шара өтті. Түріктану және Шығыс елдерінің тарихы кафедрасының зерттеуші-доценті, филология ғылымдарының докторы Сүйерқұл Ботагөз Мырзабайқызы «ылыми жұмыс жазуда қолданылатын зерттеу әдістері» тақырыбында докторанттар мен профессор-оқытушылар құрамына арналған мазмұнды ғылыми семинар өткізді.

Семинар барысында тіл біліміндегі негізгі ғылыми парадигмалар жан-жақты қарастырылып, олардың қазіргі зерттеу үдерісіндегі орны айқындалды. Атап айтқанда, тарихи-салыстырмалы бағыт (компаративистика), жүйелік-құрылымдық парадигма (структурализм) және антропоөзекті (адамтану) бағыттар ғылыми талдаудың маңызды негіздері ретінде ұсынылды. Бұл парадигмалар тілдің тек құрылымдық жүйе ғана емес, сонымен қатар мәдениет пен адам санасының көрінісі екенін дәлелдейді.
Тарихи-салыстырмалы тіл білімі аясында салыстырмалы-тарихи зерттеулер, салғастырмалы-типологиялық талдау, сондай-ақ лексикология, фразеология, фонетика және морфология салаларындағы салыстыру әдістері кеңінен түсіндірілді. Ал жүйелік-құрылымдық парадигмада тілдің ішкі жүйесін - фонетика, лексика және грамматиканы (морфология мен синтаксис) - біртұтас құрылым ретінде қарастырудың маңызын көрсетті.
Антропоөзекті парадигмаға ерекше назар аударылып, тілдің адамның ойлау жүйесімен, қоғамдық санамен және мәдениетпен байланысы тереңінен ашылды. Бұл бағыт қазіргі тіл біліміндегі жетекші үрдістердің бірі ретінде ғылыми зерттеулердің мазмұнын жаңа деңгейге көтеретіні атап өтілді.
Семинарда зерттеу әдістерінің тақырып ерекшелігіне қарай таңдалатыны және олардың үш негізгі топқа бөлінетіні көрсетілді: жалпы, жалпы ғылыми және жеке әдістер. Практикалық әдістер қатарында бақылау, сауалнама (анкета, сұхбат), эксперимент және құжаттарды талдау тәсілдері кеңінен түсіндірілді. Бұл әдістер зерттеу барысында нақты деректер жинауға және оларды жүйелі түрде талдауға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар теориялық әдістерге ерекше мән беріліп, талдау, жинақтау, салыстыру тәсілдерінің ғылыми жұмыстағы рөлі нақты мысалдар арқылы көрсетілді. Заманауи зерттеулерде сандық талдаудың маңыздылығы да атап өтіліп, деректерді математикалық және статистикалық өңдеу ғылыми дәлдікті арттыратын негізгі құралдардың бірі ретінде ұсынылды.
Аталған семинар жас зерттеушілердің ғылыми ойлау қабілетін дамытуға, әдіснамалық сауаттылығын арттыруға және сапалы ғылыми жұмыстар жазуға бағытталған маңызды алаң болды. Мұндай іс-шаралар университеттің ғылыми әлеуетін нығайтып, академиялық қауымдастықтың кәсіби деңгейін жаңа белеске көтеретіні сөзсіз.
Абельдаев Ж.
Кыркымбекова А.
Басқа жаңалықтар