«Қазақстанның адами капиталын қалыптастыру детерминанттары: білім мен мәдениеттің рөлін талдаудағы пәнаралық тәсілдер» атты республикалық дөңгелек үстел — ҚазҰУ

91ý

«Қазақстанның адами капиталын қалыптастыру детерминанттары: білім мен мәдениеттің рөлін талдаудағы пәнаралық тәсілдер» атты республикалық дөңгелек үстел

10 сәуір 2026
«Қазақстанның адами капиталын қалыптастыру детерминанттары: білім мен мәдениеттің рөлін талдаудағы пәнаралық тәсілдер» атты республикалық дөңгелек үстел

2026 жылғы 10 сәуірде Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Философия және саясаттану факультетінде V Халықаралық Фараби форум аясында «Қазақстанның адами капиталын қалыптастыру детерминанттары: білім мен мәдениеттің рөлін талдаудағы пәнаралық тәсілдер» атты республикалық дөңгелек үстел өтті. Іс-шара «Қазақстандағы ауыл мектептерінің білім беру жүйесі: теңсіздіктің себептері мен салдарына мәдениеттанымдық талдау» атты гранттық жоба аясында ұйымдастырылып, аралас форматта (офлайн және онлайн) өткізілді. Дөңгелек үстелдің мақсаты – Қазақстандағы адами капиталды қалыптастыруға әсер ететін негізгі факторларды пәнаралық тұрғыдан талдау, білім мен мәдениеттің өзара байланысын айқындау және білім беру мен мәдени саясатты жетілдіруге бағытталған ұсыныстар әзірлеу болды.

Шараға отандық және шетелдік ғалымдар, жоғары оқу орындарының оқытушылары мен ғылыми қызметкерлері, студенттер қатысты. Форум аясында шетелдік қонақтар мен серіктес университеттердің өкілдеріне сөз берілді. Атап айтқанда, Түркия Республикасынан Әли Рыза Гүл, Өзбекстан Республикасынан Алимова Махфуза, Ағзамова Мухаббатхан, Абдуллаева Мохира, сондай-ақ Қазақстанның жетекші жоғары оқу орындарының өкілдері – Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды ұлттық зерттеу университетінен Жусупова Б.Ж. және М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінен Қадырәлиева А.М. қатысып, білім мен мәдениет, адами капиталды дамыту мәселелері бойынша өз пікірлерін білдіріп, халықаралық тәжірибемен бөлісті. Мұндай ғылыми пікір алмасу алаңы қазақстандық және шетелдік зерттеушілер арасындағы академиялық байланысты нығайтуға, өзекті мәселелерді салыстырмалы тұрғыдан талқылауға мүмкіндік берді.

Дөңгелек үстелдің алғашқы сөзі философия ғылымдарының докторы, профессор, дінтану және мәдениеттану кафедрасының меңгерушісі Айнұр Дүрбелеңқызы Құрманалиеваға берілді. Айнұр Дүрбелеңқызы дөңгелек үстел жұмысына сәттілік тілеп, форум аясында өткізілген іс-шараларға шолу жасады. Сонымен қатар ол қазіргі қоғам жағдайында адами капитал сапасын арттыруда білім мен мәдениеттің өзара ықпалдастығын ғылыми тұрғыдан зерделеудің маңыздылығына ерекше тоқталды.

Іс-шара барысында қатысушылар білім мен мәдениеттің өзара байланысы, ауыл мектептеріндегі білім беру теңсіздігі, кәсіби бағдар беру жүйесінің маңызы, жасанды интеллект және этика мәселелері, сондай-ақ адами капиталды дамытудағы пәнаралық тәсілдердің рөлі жөнінде баяндамалар жасап, пікір алмасты. Спикерлер қатарында Қуандық Жасұлан Бостандықұлы, Серикбаева Айдана Алимжанқызы, Сандыбаева Сандуғаш Қалжанқызы және Жолдубаева Ажар Куанышбековна өз ғылыми зерттеулерінің нәтижелерін ұсынды. Баяндамаларда қазіргі білім беру жүйесіндегі өзекті мәселелер ғана емес, оларды шешудің теориялық және практикалық жолдары да жан-жақты қарастырылды.

Талқылау барысында білім беру жүйесін жаңғырту, цифрлық трансформация жағдайында мәдени факторлардың рөлін арттыру, сондай-ақ әлеуметтік және аумақтық теңсіздіктерді азайту мәселелері кеңінен қарастырылды. Қатысушылар білім беру сапасын арттыру тек инфрақұрылымдық немесе технологиялық өзгерістермен шектелмей, мәдени және құндылықтық негіздерді ескере отырып жүзеге асырылуы тиіс екенін атап өтті. Бұл ретте адами капиталды дамыту мәселесі білім беру жүйесінің сапасымен ғана емес, қоғамның мәдени даму деңгейімен де тығыз байланысты екені баса айтылды.

Дөңгелек үстел қорытындысы бойынша резолюция қабылданып, онда адами капиталды дамытуда білім мен мәдениеттің өзара байланысы шешуші фактор екені атап өтілді. Сонымен қатар кәсіби бағдар беру жүйесін жетілдіру, білім беру үдерісіне цифрлық технологиялар мен этикалық нормаларды енгізу, ғылым мен білім интеграциясын күшейту жөнінде нақты ұсыныстар берілді.

Қатысушылар дөңгелек үстел нәтижелері Қазақстанның білім беру және мәдениет салаларын дамытуға, сондай-ақ адами капитал сапасын арттыруға маңызды үлес қосатынын атап өтті.