Педагогикалық практиканың БҰҰ Тұрақты даму мақсаттары контекстіндегі тәрбиелік әлеуеті — ҚазҰУ

91ý

Педагогикалық практиканың БҰҰ Тұрақты даму мақсаттары контекстіндегі тәрбиелік әлеуеті

6 сәуір 2026
Педагогикалық практиканың БҰҰ Тұрақты даму мақсаттары контекстіндегі тәрбиелік әлеуеті

Қоғам дамуының қазіргі кезеңі кедейлікті жою, денсаулықты жақсарту, сапалы білім беруді қамтамасыз ету, климаттың өзгеруіне қарсы күрес және әлеуметтік әділеттілікті нығайту сияқты негізгі жаһандық проблемаларды шешуге бағдарланумен сипатталады. Осыған байланысты 2015 жылы БҰҰ Бас Ассамблеясы «барлық елдер үшін жақсы әрі тұрақты болашаққа қол жеткізу жоспары» ретінде өзара байланысты 17 мақсатты ұсынды. «Тұрақты даму мақсаттары» (ТДМ) деп аталатын бұл бағдарлар БҰҰ-ның 2030 жылға дейінгі күн тәртібіне енгізіліп, өмір сапасын арттыруға, теңсіздікті азайтуға және әлеуметтік-экономикалық әл-ауқатты қамтамасыз етуге бағытталған жаһандық стратегияны білдіреді.

Осы тұрғыда жоғары білім беру жүйесіндегі педагогикалық практика ТДМ-ды іске асыруға бағытталған білім беру және тәрбие іс-шараларын ұйымдастыруды көздейді. Бұл өз кезегінде жаһандық күн тәртібін білім алушылардың кәсіби даярлығына интеграциялауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, аталған үдеріс жастарды қоғамдық пайдалы қызметке тарту және олардың елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына қатысуын қамтамасыз етуге бағытталған университеттердің үшінші миссиясымен сабақтасады. Осыған байланысты магистранттардың педагогикалық практикасының басым бағыттарының бірі – тұрақты даму, әлеуметтік жауапкершілік және азаматтық белсенділік құндылықтары негізінде тәрбие жұмысын ұйымдастыруға қажетті құзыреттерді қалыптастыру.

2026 жылдың 6 сәуірінде әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың «7М10117-Фармация» білім беру бағдарламасының магистранттары А.Т. Бақыт, А.Ж. Қосканова және К. Серік педагогика және білім беру менеджменті кафедрасының аға оқытушысы Э.Т. Баярыстанованың жетекшілігімен 2-3 курс студенттері арасында «Көпөлшемді кедейлік және денсаулық» тақырыбында тәрбие сағатын өткізді.

Іс-шараның мақсаты – көпөлшемді кедейліктің мәнін ашу, оның халық денсаулығына әсерін талдау және мәселенің Қазақстандағы ерекшеліктерін қарастыру. Іс-шара мазмұны ТДМ 1 (кедейлікті жою) және ТДМ 3 (денсаулық және әл-ауқат) мақсаттарымен ықпалдастырылып, кедейлікті медициналық қызметке, тамақтануға, білім алуға және өмір сүру жағдайларына қолжетімділікке әсер ететін кешенді фактор ретінде қарастыруға мүмкіндік берді.

Сабақ барысында көпөлшемді кедейлік және оның негізгі индикаторлары туралы жүйелі ақпарат ұсынылды. Кедейліктің денсаулыққа, соның ішінде аурушаңдық деңгейіне, балалар өліміне және өмір сапасына әсеріне ерекше назар аударылды. Интерактивті әдістерді қолдану (пікірталас, кейс-тапсырмалар, проблемалық сұрақтар) студенттердің жоғары белсенділігін қамтамасыз етіп, олардың аналитикалық ойлау дағдыларын дамытуға ықпал етті.

Аналитикалық бөлімде проблеманың жаһандық және ұлттық аспектілері қарастырылып, негізгі тәуекелдер анықталды. Сонымен қатар, кедейлікті азайту және халық денсаулығын жақсарту бойынша бірқатар ұсыныстар берілді: әлеуметтік қолдауды кеңейту, медициналық қызметтердің қолжетімділігін арттыру және білім беру бастамаларын дамыту.

Осылайша, өткізілген іс-шара білім алушылардың тұрақты даму контекстінде кедейлік пен денсаулықтың өзара байланысы туралы тұтас түсінігін қалыптастыруға ықпал етті.