«Түрік тілі мен мәдениеті: білуге тиіс негізгі мәліметтер»
2026 жылғы 9 сәуір күні Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Филология факультетінің 320-аудиториясында «Türk dili ve kültürü: bilinmesi gereken temel bilgiler» атты ашық сабақ өткізілді. Аталған сабақ «Шет тілі: екі шет тілі» білім беру бағдарламасының 2-курс студенттеріне арналып, түркітану және тіл теориясы кафедрасының оқытушысы К.Б. Аширкуловтың жетекшілігімен, «Шет тілі: екі шет тілі» білім беру бағдарламасының 1-курс практиканты A. Furkan Çakan тарапынан жүргізілді.

Іс-шараның негізгі мақсаты – студенттердің түрік тілі бойынша грамматикалық білімдерін жетілдірумен қатар, олардың түрік тілі мен мәдениеті туралы танымдық көкжиегін кеңейту, тілдік және мәдени білімді өзара байланыстыра меңгерту болды. Сабақ барысында студенттер тек теориялық білім алып қана қоймай, оны мәдени мазмұнмен ұштастыра отырып, практикалық тұрғыда қолдану мүмкіндігіне ие болды.

Сабақта түрік тіліндегі «Görülen geçmiş zaman» және «Duyulan geçmiş zaman» тақырыптары қарастырылып, олардың грамматикалық құрылымы, сөйлемдегі қолданысы және түрік және қазақ тілдерімен салыстырмалы ерекшеліктері түсіндірілді. Сонымен қатар, аталған грамматикалық тақырыптар түрік тілі мен мәдениетіне қатысты мазмұнмен ұштастырылып берілді.

Сабақтың мазмұндық бөлімінде студенттерге түрік тарихы мен көрнекті тұлғалары, Түркия Республикасының маңызды қалалары, ұлттық тағамдары, дәстүрлі билері, әдебиеті мен ақындары, музыкалық аспаптары және заманауи ғылым өкілдері туралы мәліметтер ұсынылды. Көрнекі материалдар мен интерактивті әдістерді қолдану арқылы білім алушылардың қызығушылығы арттырылып, олардың белсенді қатысуы қамтамасыз етілді.
Ашық сабаққа түркітану және тіл теориясы кафедрасының профессор-оқытушылар құрамы да қатысып, діріс бойынша пікірлерін білдірді.
Ашық сабақ барысында студенттер өз білімдерін көрсете отырып, шығармашылық қабілеттерін, сыни ойлау дағдыларын және тілдік құзыреттіліктерін дамытуға мүмкіндік алды. Іс-шара білім алушылардың кәсіби және тұлғалық дамуына оң ықпал етіп, олардың түрік тілі мен мәдениетіне деген қызығушылығын арттырды.
Ұйымдастырушы: Түркітану және тіл теориясы кафедрасының аға эдвайзері, оқытушы К.Б. Аширкулов, 1-курс магистранты A. Furkan Çakan
Басқа жаңалықтар