Mastercard басшысы табысты мансап құру жолдарын бөлісті — ҚазҰУ

91ý

Mastercard басшысы табысты мансап құру жолдарын бөлісті

13 сәуір 2026
Mastercard басшысы табысты мансап құру жолдарын бөлісті

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде Mastercard компаниясының Қазақстан және Орталық Азия елдері бойынша бас директоры Санжар Жамаловтың көшбасшылық дәрісі өтті. Шараға Экономика және бизнес жоғары мектебі, сондай-ақ ақпараттық технологиялар және жасанды интеллект факультетінің студенттері мен оқытушылары қатысты.

Мәртебелі қонақты таныстырған ғылыми-инновациялық қызмет жөніндегі проректор Марғұлан Ибраимов бұл кездесудің студенттер үшін маңызын атап өтті. Санжар Жамалов – отандық және халықаралық қаржы институттарында (ING Bank, Ұлттық банк) мол тәжірибе жинақтаған кәсіби менеджер. Проректордың айтуынша, мұндай кездесулер жастарға қаржы индустриясындағы заманауи үрдістерді түсінуге жол ашады.

Дәріс «Lifelong Learning: өз даму жүйеңді қалай құруға болады және диплом алғаннан кейін де неге оқу маңызды?» тақырыбына арналды. Спикер бүгінгі цифрлық дәуірде диплом тек бастапқы кезең екенін, ал нақты табысқа жету үшін кәсіби дағдыларды (reskilling/upskilling) үздіксіз жаңартып отыру керектігін жеткізді. «Білім өте жылдам ескіретін заманда тек өзгерістерге бейімделе алатын мамандар ғана бәсекеге қабілетті болады», – деді С.Жамалов.

Кездесудің екінші бөлімі ашық диалог түрінде өтіп, студенттер халықаралық компанияларда мансап құру, көшбасшылық қасиеттерді дамыту және еңбек нарығының жаңа талаптары бойынша көкейкесті сұрақтарына жауап алды.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Баспасөз қызметі