Студенттің психологиялық жағдайы мен ауыз қуысы ауруларының өзара байланысы
2025 жылғы 29 қазанда Жалпы және қолданбалы психология кафедрасының аға оқытушысы Борбасова Гүлнұр Нұрсайынқызының ұйымдастыруымен «Студенттің психологиялық жағдайы мен ауыз қуысы ауруларының өзара байланысы» тақырыбында танымдық ашық сабақ өткізілді. Іс-шараға «Стоматология» мамандығының 2 курс студенттері белсенді қатысты.
Аталған тақырыптың өзектілігі қазіргі кезеңде айқын көрінеді, өйткені ауыз қуысы ауруларының қалыптасуына физиологиялық факторлармен қатар психологиялық жағдай да елеулі ықпал етеді. Стресс, мазасыздық және негативті эмоциялар ағзаның жалпы функционалдық күйін өзгертіп, стоматологиялық патологиялардың пайда болуына және асқынуына алғышарт жасайды. Осыған байланысты мәселені кешенді талдау профилактика мен емдеудің тиімді тәсілдерін айқындауға мүмкіндік береді.
Сабақтың мақсаты – студенттердің психологиялық жағдайының жалпы денсаулыққа, соның ішінде ауыз қуысы ауруларына әсерін түсіндіру, стресс пен эмоционалдық шиеленістің стоматологиялық аурулардың дамуындағы рөлін көрсету, сондай-ақ психикалық және соматикалық денсаулықтың өзара байланысы туралы ғылыми түсінік қалыптастыру болды.
Іс-шара барысында студенттер психологиялық күй мен ауыз қуысы денсаулығы арасындағы байланысты ғылыми тұрғыдан талдады. Олар стресс, мазасыздық және қорқыныштың пародонтоз, стоматит, бруксизм сияқты аурулардың пайда болуына және өршуіне ықпалын нақты мысалдар арқылы негіздеді. Сонымен қатар, психологиялық тұрақтылықты сақтау мен реттеудің профилактикалық маңызы ерекше атап өтілді.
Сабақ интерактивті форматта ұйымдастырылып, қатысушылар бейнематериалдар мен презентациялар ұсынып, пікір алмасуға белсенді қатысты. Бұл олардың теориялық білімдерін тәжірибемен ұштастыруға және ғылыми ойлауын дамытуға ықпал етті. Сонымен бірге, релаксациялық әдістер, тыныс алу жаттығулары және стресс деңгейін төмендетуге бағытталған практикалық тапсырмалар орындалды.
Қорытынды бөлімде сұрақ-жауап және пікірталас ұйымдастырылып, студенттер өз көзқарастарын білдірді. Белсенді қатысушылар алғыс хаттармен марапатталды. Жалпы алғанда, сабақ мазмұнды әрі жоғары деңгейде өтіп, студенттердің кәсіби және тұлғалық дамуына оң әсер етті.