- Басты бет
- Жаңалықтар
- Академиялық жазу мәдениетін қалыптастыру: халықаралық семинар аясындағы талқылаулар
Академиялық жазу мәдениетін қалыптастыру: халықаралық семинар аясындағы талқылаулар
Бүгін әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің философия және саясаттану факультеті дінтану және мәдениеттану кафедрасының ұйымдастыруымен «Academic Writing in Research: ғылыми мақала жазудың тиімді әдістері мен стратегиялары» тақырыбында халықаралық ғылыми семинардың жалғасы өтті. Аталған ғылыми іс-шара қазіргі заманғы жоғары білім беру жүйесінде академиялық жазылым мәдениетін жетілдіру, ғылыми зерттеу нәтижелерін халықаралық деңгейде ұсыну сапасын арттыру және жас зерттеушілердің ғылыми әлеуетін күшейту мақсатында өткізілді
Іс-шара Біріккен Ұлттар Ұйымының Тұрақты даму мақсаттарының бірі – ЦУР 4: «Сапалы білім беру» міндеттерін жүзеге асыру контекстінде маңызды рөл атқарады. Атап айтқанда, бұл мақсат инклюзивті және әділ сапалы білім беруді қамтамасыз етуге, сондай-ақ өмір бойы білім алу мүмкіндіктерін кеңейтуге бағытталған. Семинар мазмұны ғылыми-академиялық құзыреттілікті арттыру, зерттеу дағдыларын дамыту және жоғары білім беру сапасын жетілдіру арқылы осы мақсаттың практикалық жүзеге асуына ықпал етеді.

Семинардың модераторы ретінде PhD Т.О. Аманқұл қатысып, іс-шараның ұйымдастырушылық және мазмұндық деңгейде жоғары дәрежеде өтуіне ықпал етті. Сонымен қатар, семинарға дінтану және мәдениеттану кафедрасының профессор-оқытушылар құрамы белсенді қатысып, ғылыми пікір алмасу мен кәсіби диалогтың мазмұнды өтуіне өз үлестерін қосты.

Семинар барысында спикер – Стамбул университетінің доценті, PhD Мұстафа Желил Алтунташ ғылыми мәтіннің құрылымдық-композициялық ерекшеліктеріне жан-жақты тоқталып, кіріспе, әдіснама, нәтижелер мен талқылау бөлімдерінің логикалық байланысын сақтаудың маңыздылығын атап өтті. Сонымен қатар, ол дәйексөз келтіру мәдениетінің академиялық адалдықпен тікелей байланысты екенін көрсетіп, плагиаттың алдын алу және дереккөздерді дұрыс рәсімдеу бойынша халықаралық стандарттарға негізделген талаптарды түсіндірді.
Аталмыш шара ҚР ҒЖБССҚК “ҚазҰУ Хабаршысы, Дінтану сериясы” журналы редакторлар алқасының: бас редактор - Байтенова Нағима Жаулыбайқызы, бас редактордың дінтану ғылым бағыты бойынша орынбасары - Борбасова Қарлығаш Молдағалиқызы, жауапты редактор - Байжұма Самет және басқа да мүшелерімен ынтымақтастықта өткізілді.
Спикер академиялық жазу үдерісінде зерттеудің айқындығы мен дәлдігін қамтамасыз ету, ғылыми стиль талаптарын сақтау, сондай-ақ авторлық ұстанымды жүйелі түрде негіздеу қажеттілігіне ерекше назар аударды. Сонымен қатар, ол жас зерттеушілерге ғылыми мақаланы кезең-кезеңімен жоспарлау, сенімді дереккөздермен жұмыс істеу, рецензия пікірлерін тиімді пайдалану және халықаралық ғылыми журналдардың талаптарына бейімделу бойынша нақты практикалық ұсыныстар берді.
Бұдан бөлек, импакт-факторы жоғары ғылыми журналдарға мақала дайындау мен ұсыну үдерісінің ерекшеліктері, рецензиялау жүйесінің кезеңдері және редакциялық талаптарға сәйкестендіру стратегиялары кеңінен талқыланды. Спикер ғылыми мақаланың сапасы тек мазмұндық жаңалығымен ғана емес, сонымен қатар оның құрылымдық тұтастығы, аргументациялық логикасы және академиялық тіл нормаларының сақталуымен айқындалатынын ерекше атап өтті.
Семинар барысында зерттеу нәтижелерін жүйелі баяндау стратегиялары, деректерді интерпретациялау әдістері және ғылыми дискурс қалыптастырудың заманауи үрдістері жөнінде өзекті ақпараттар ұсынылды. Қатысушыларға халықаралық ғылыми коммуникация кеңістігінде тиімді жұмыс істеуге бағытталған практикалық ұсынымдар берілді.
Аталған семинар жас ғалымдардың академиялық әлеуетін арттыруға, ғылыми коммуникация мәдениетін қалыптастыруға және олардың жаһандық ғылыми кеңістікке интеграциялануына елеулі ықпал етті. Іс-шара ғылыми ортадағы тәжірибе алмасу алаңы ретінде де маңыздылығын көрсетті.
Семинар соңында қатысушылар сұрақтар қойып, өздерінің ғылыми зерттеу тәжірибелерімен бөлісті, сондай-ақ болашақтағы бірлескен ғылыми жобалар мен халықаралық академиялық ынтымақтастық бағыттарын айқындады. Сонымен қатар, спикер бірнеше жас ғалымдардың зерттеу жұмыстарына ғылыми талдау жасап, олардың мазмұнына, құрылымына және әдіснамалық негіздеріне қатысты кәсіби ұсынымдар берді. Бұл талқылау қатысушылар үшін практикалық тұрғыдан ерекше пайдалы болды. Мұндай форматтағы іс-шаралар ғылыми қауымдастықтың дамуына, зерттеу сапасының артуына және академиялық интеграцияның нығаюына оң әсер ететіні атап өтілді.
Дінтану және мәдениеттану кафедрасының профессоры, филос.ғ.д. Н.Ж. Байтенова, ылыми-инновациялық жұмыс және халықаралық байланыстар жөніндегі кафедра меңгерушісінің орынбасары, профессор м.а. М.Р. Балтымова, 2 курс докторанты Ж.А. Байгараев.
Басқа жаңалықтар