Кәсіби маманның психологиялық денсаулығы және дамуы — ҚазҰУ

91ý

Кәсіби маманның психологиялық денсаулығы және дамуы

31 қазан 2025
Кәсіби маманның психологиялық денсаулығы және дамуы

2025 жылғы 30 қазанда Жалпы және қолданбалы психология кафедрасының аға оқытушысы Г.Н. Борбасованың ұйымдастыруымен «Кәсіби маманның психологиялық денсаулығы және дамуы» тақырыбында танымдық ашық сабақ өткізілді. Іс-шараға медицина факультетінің, соның ішінде «Стоматология» мамандығының 2 курс студенттері белсенді қатысты.

Аталған тақырыптың өзектілігі қазіргі қоғам жағдайында айқын көрінеді, себебі кәсіби қызмет барысында мамандар жүйелі психологиялық жүктемелерге, стресс пен эмоционалдық қажуға жиі ұшырайды. Осыған байланысты болашақ мамандардың психологиялық денсаулығын сақтау мен дамыту олардың кәсіби тиімділігі мен өмір сапасына тікелей ықпал ететін маңызды фактор ретінде қарастырылады.

Сабақтың мақсаты – кәсіби маманның психологиялық денсаулығының маңызын түсіндіру, стресс пен эмоционалдық қажуды басқарудың тиімді тәсілдерін меңгерту, сондай-ақ тұлғалық және кәсіби дамудың психологиялық аспектілерін талдау болды. Сонымен қатар студенттердің өзін-өзі тану, өзін-өзі реттеу және эмоционалдық тұрақтылық дағдыларын қалыптастыруға басымдық берілді.

Сабақ барысында студенттер кәсіби стресс, эмоционалдық қажу (burnout), мотивация және өзін-өзі реттеу тақырыптары бойынша мазмұнды баяндамалар жасап, теориялық білімдерін тәжірибелік мысалдармен ұштастырды. Топтық жұмыстар аясында командалық өзара әрекет, тиімді коммуникация және эмоционалдық интеллекттің рөлі жан-жақты қарастырылды.

Іс-шара интерактивті форматта өтіп, студенттердің белсенді қатысуына жағдай жасалды. «Өмір балансы дөңгелегі» психологиялық жаттығуы ерекше назар аудартты. Бұл әдіс студенттердің өмір салалары бойынша қанағаттану деңгейін анықтауға, психологиялық саулықты бағалауға және өмірлік тепе-теңдікті түсінуге мүмкіндік берді. Жаттығу нәтижесінде қатысушылар өз басымдықтарын айқындап, оларды оңтайландыру жолдарын тұжырымдады.

Қорытынды бөлімде пікірталас ұйымдастырылып, студенттер өз көзқарастарын негіздеп жеткізді. Жалпы алғанда, сабақ мазмұнды және жоғары деңгейде өтіп, студенттердің психологиялық білімін тереңдетуге және кәсіби дамуына оң ықпал етті.