Сәтсіздіктен қорқу мен жетістікке ұмтылу: студент мотивациясының құпиясы — ҚазҰУ

91ý

Сәтсіздіктен қорқу мен жетістікке ұмтылу: студент мотивациясының құпиясы

29 қазан 2025
Сәтсіздіктен қорқу мен жетістікке ұмтылу: студент мотивациясының құпиясы

2025 жылғы 28 қазанда Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Философия және саясаттану факультетіне қарасты Жалпы және қолданбалы психология кафедрасы тұрақты даму мақсаттарын жүзеге асыру аясында «Сәтсіздіктен қорқу мен жетістікке ұмтылу: студент мотивациясының құпиясы» тақырыбында мазмұнды офлайн форматтағы іс-шара өткізді. Іс-шара медицина факультетінің 305-аудиториясында ұйымдастырылды. Ұйымдастырушылар – PhD, доцент міндетін атқарушы Борбасова Г.Н. және «Стоматология» мамандығының 2 курс студенттері.

Іс-шараның негізгі мақсаты – студенттердің ішкі мотивациясын арттыру, сәтсіздіктен қорқу құбылысын ғылыми тұрғыда түсіндіру және оны тұлғалық дамудың қозғаушы факторына айналдыру, сондай-ақ қиындықтарға қатысты конструктивті көзқарас қалыптастыру болды. Сонымен қатар студенттердің өзін-өзі дамытуға ұмтылысын күшейту және өмірлік мақсаттарға жетуге деген сенімділігін арттыру көзделді.

Іс-шара барысында студенттер қорқыныштың психологиялық табиғатын жан-жақты талдады. Қорқыныш тек жағымсыз эмоция ретінде емес, белгілі бір жағдайда әрекетке итермелейтін, жаңа шешімдер қабылдауға ықпал ететін және жетістікке жетуге мүмкіндік беретін реттеуші фактор ретінде қарастырылды. Теориялық мәліметтер нақты мысалдармен толықтырылды.

Сабақ интерактивті форматта ұйымдастырылды. Қатысушыларға өмірлік жағдайлар сипатталған карточкалар ұсынылып, оларды «қорқыныш» немесе «мотивация» тұрғысынан талдау тапсырылды. Бұл әдіс сыни ойлау қабілетін дамытуға және психологиялық интерпретация жасау дағдыларын қалыптастыруға ықпал етті. Топтық талқылаулар барысында студенттер сәтсіздіктің тәжірибе жинақтауға және тұлғаны шыңдауға мүмкіндік беретін фактор екенін негіздеді.

Сонымен қатар «Екі жол – қорқыныш пен мотивация» атты сахналық көрініс ұсынылып, адамның ішкі психологиялық тартысы көркем түрде бейнеленді. Бұл элемент қатысушылардың тақырыпты тереңірек түсінуіне ықпал етті.

Қорытынды бөлімде «Тәуекел немесе қауіпсіз жол» атты психологиялық ойын ұйымдастырылып, студенттер шешім қабылдау стратегияларын тәжірибе жүзінде қолданды. «Жүрекке жетер хаттар» бөлімінде өзара қолдау көрсету арқылы жағымды эмоционалдық орта қалыптастырылды.

Қорытынды сөзде Борбасова Г.Н. қорқыныштың тұлғалық даму мен жетістікке жетудегі реттеуші рөлін атап өтті. Жалпы алғанда, іс-шара жоғары деңгейде ұйымдастырылып, студенттердің белсенділігі мен рефлексивтік ойлауын дамытуға ықпал етті.