- Басты бет
- Арт орталық
- Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-де Наурыз мерекесіне арналған ауқымды мәдени іс-шара өтті
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-де Наурыз мерекесіне арналған ауқымды мәдени іс-шара өтті
2026 жылдың 11 сәуір күні Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мейрамына арналған кең ауқымды мерекелік іс-шара ұйымдастырылды. Ректорат алдындағы алаңда өткен думанды кешке 700-ге жуық студент пен университет ұжымы қатысып, ұлттық дәстүр мен заманауи өнер үйлесім тапқан әсерлі қойылым көпшілік назарына ұсынылды.
Бағдарламаның алғашқы бөлімі «Көктем шуағы» атты хореографиялық композициямен жалғасты. 62 студент қатысқан бұл қойылымда 12 аққу бейнесіндегі және 50 гүл кейпіндегі биші қыздар көктемнің әсемдігін сахна тілімен жеткізді.
Мерекелік кештің келесі бөлімі «Наурыз керуені» вокалдық-хореографиялық композициясымен өрбіді. 200-ден астам қатысушы сахнаға шығып, ұлттық болмысты айшықтайтын ерекше көрініс көрсетті. Қойылым барысында батырлар, садақшылар, ұлттық киім киген студенттер, сондай-ақ түйе, ат, тазы иттер мен бүркіттер қатыстырылып, қазақ халқының салт-дәстүрлері – көрісу, аластау, бата беру рәсімдері көрініс тапты. Бұл бөлімде «Алатау» дәстүрлі театрының әртістері өнер көрсетті.
Іс-шара барысында университеттің Басқарма төрағасы – Ректоры Жансейіт Қансейітұлы Түймебаев сөз сөйлеп, жиналған қауымды Наурыз мерекесімен құттықтады. Сонымен қатар Алматы қаласы әкімінің орынбасары Абзал Нүкенұлы Нүкенов те ізгі тілегін білдірді.
Бағдарлама «Наурыз-думан» атты вокалдық-хореографиялық және аспаптық композициямен жалғасты. Бұл бөлімде 70 қатысушы өнер көрсетіп, 10 вокалист «Наурыз думан» әнін орындады. Сонымен қатар әжелер шашу шашып, келіндер бауырсақ ұсынып, кішкентай бүлдіршіндер апорт алмасын таратып, ұлттық дәстүрлер көрініс тапты.
Кеш барысында жетігеншілердің сүйемелдеуімен халық әндерінен попурри орындалып, «Қоржын» биі ұсынылды. Сондай-ақ «Фараби сазы» студенттік ұлттық аспаптар оркестрі өнер көрсетіп, ұлттық киімдердің сәнін паш еткен «Ұлт ажары: арулар мен сұлтандар» байқауының финалистері сахнаға шықты.
Поэзиялық бөлімде 100 студент ұлы ойшылдардың мұрасын дәріптеп, Абай Құнанбайұлының «ылым таппай мақтанба» өлеңін хормен орындады. Бұдан кейін «Гүл Алматы» әні шырқалып, ретро биімен әрленді.
«Бір шаңырақ астында» атты финалдық композиция ерекше әсер қалдырды. Әлемнің 50 мемлекетінен келген студенттер ұлттық киімдерімен сахнаға шығып, бірліктің символы – шаңырақ көтерді. Сонымен қатар түрлі халықтардың билері ұсынылып, 50 көгершін көкке ұшырылды.
Мереке «Мен сені сүйемін, Қазақстан» әнімен қорытындыланды.
Іс-шарадан кейін қонақтар университет аумағында тігілген қазақ үйлерді аралап, әр факультеттің ұлттық дәстүрлерді таныстыруымен танысты. Сонымен қатар арнайы ұйымдастырылған «Жастар ауылы» алаңында қатысушыларға арналған қосымша мүмкіндіктер қарастырылды.
Мерекелік күннің жалғасы ретінде «Ұлт ажары: арулар мен сұлтандар» байқауы өтіп, ұлттық мәдениетті насихаттауға бағытталған игі бастама өз жалғасын тапты.
Ауқымды шара ұлттық құндылықтарды дәріптеп, студент жастардың мәдени-рухани тәрбиесіне серпін берген тағылымды мереке болды.























