Әлихан Бөкейхан публицистикасы бағамдалған іс шара
ТДМ-4 2026 жылғы 15 сәуірде әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті журналистика факультеті ЮНЕСКО-ның журналистика және коммуникация кафедрасының ұйымдастыруымен ЮНЕСКО-ның Дүниежүзілік баспасөз бостандығы күніне орай Алаш қозғалысының көшбасшысы, көрнекті публицист Әлихан Бөкейханның 160 жылдық мерейтойына және кафедраның 30 жылдығына арналған «Алаш сөзінің ұлттық мінбері – «Қазақ» газеті» атты республикалық ғылыми-әдістемелік конференция өтті.
Журналистика факультеті деканының м.а. Мәншүк Мұқашева қатысушыларға құттықтау сөз сөйледі. Ол "Қазақ" газетінің мұрасы бүгінгі күнге дейін сапалы және жауапты журналистика қағидаттарын қалыптастырудың негізі болып табылатынын атап өтті.
Іс-шара барысында ХХ ғасыр басындағы ұлттық баспасөздің қалыптасуы, «Қазақ» газетінің қазақ журналистикасы тарихындағы маңызы, сонымен қатар Әлихан Бөкейханның публицистикалық мұрасы және оның қазіргі медиа кеңістіктегі сабақтастық мәселелері талқыланды.
Конференцияға ғалымдар Мәмбет Қойгелдиев, Айгүл Ісмақова, Сұлтан Хан Аққұлұлы, Елдос Тоқтарбай, тілші-ғалым Аманқос Мектеп, журналистер, профессор-оқытушылар мен жас зерттеушілер қатысты.
Конференция барысында «Әлихан Бөкейхан – қазақтың тұңғыш премьер-министрі» кітап-альбомының авторы және «Әлихан Бөкейхан... қазаққа қызмет қылмай қоймаймын» атты деректі фильмнің режиссері Берік Барысбеков келіп, өзінің ұлт көсемінің ел мүддесі жолындағы еңбектерін көпшілікке танытудағы жұмыстарымен кеңінен таныстырды.
Журналистика факультетінің жас ғалымдары Хамза Берден мен Назым Сәмет те Алаш қайраткерлерінің публицистикасын жаңа уақыт талабы негізінде қарастырудың өзектілігі мен проблемалары туралы өз ойларын ортаға салды.
Бұл іс-шара Алаш баспасөзін қалыптастырушылардың, оның ішінде ұлт көсемі атанған Әлихан Бөкейханның публицистік еңбектерін ғана емес, ұлт болашағы үшін атқарған қызметін жаңа көзқарас тұрғысынан бағамдайтын пікір-талас алаңына айналды.
Қауымдастырылған профессор Ошанова О.Ж.
Басқа жаңалықтар