ҚазҰУ-да жаңа форматтағы бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өтті
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде студенттер мен түлектердің кәсіби деңгейін арттыруға бағытталған «Mansap+» бос жұмыс орындары жәрмеңкесі ұйымдастырылды. Шараны академиялық мәселелер жөніндегі департаменттің Құзыреттілік орталығының Кәсіби даму және мансап кеңсесі ұйымдастырды.
Жрмеңкеге QSamruk.kz, Air Astana, Алматы халықаралық әуежайы, Allur, Halyk Bank, ЦентрКредит Банк, Kaspi Bank, KZI Bank, Freedom Holding, Nestlé Food Kazakhstan, EFES Kazakhstan, Coca-Cola Bottlers Kazakhstan, Henkel, Eurasian Machinery, Kcell, Beeline Kazakhstan сынды экономиканың түрлі секторларынан 40-тан астам жетекші компания қатысты.

Университеттің Кәсіби даму және мансап орталығы бастамашы болған бұл жоба бұрынғы «MansapStart» бағдарламасының логикалық жалғасы ретінде жұмыс берушілермен өзара іс-қимылдың жаңа деңгейіне көтерілді. Шараның басты мақсаты – жас мамандардың еңбек нарығындағы бәсекеге қабілеттілігін арттыру, тиімді жұмыспен қамту алаңын қалыптастыру және еліміздің ірі бизнес құрылымдарымен стратегиялық әріптестікті нығайту.

Ауқымды іс-шараға 3000-нан астам студент пен түлек қатысып, әлеуетті жұмыс берушілермен тікелей сұхбаттасуға, жеке мансаптық кеңестер алуға мүмкіндік алды. Жәрмеңке қорытындысы бойынша, 150-ге жуық қатысушыға бірден жұмысқа орналасу бойынша ұсыныс берілсе, 500-ден астам студент алдыңғы қатарлы компанияларға өндірістік практикаға жолдама алды.

«Mansap+» форматының басты ерекшелігі – оның жоғары интерактивтілігінде. Дәстүрлі стендтік жұмыстан бөлек, networking-сессиялар, компаниялардың бейне-презентациялары мен корпоративтік мәдениетті таныстыру шаралары жүргізілді.

Университет басшылығы компанияларға белсенді қатысқаны және жастардың кәсіби әлеуетін дамытуға қосқан үлесі үшін алғыс білдірді.
Іс-шара қорытындысы бойынша серіктестік байланыстарды одан әрі нығайту, практика базасын кеңейту, сондай-ақ қонақ дәрістер, мастер-класстар және жұмыс берушілермен кездесулер сияқты мансаптық іс-шаралар сериясын өткізу жоспарлануда.
«Mansap+» жәрмеңкесі университет пен еңбек нарығы арасындағы тиімді диалог алаңы ретінде өзінің маңыздылығын тағы бір рет дәлелдеп, студенттер мен түлектер үшін табысты мансап бастауға және дамытуға жаңа мүмкіндіктер ашты.






Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Баспасөз қызметі