- Басты бет
- Жаңалықтар
- Қазақстандық Seba Health стартапы Digital Farabi 2026 көрмесінде инновациялық шешімімен қонақтарды таңғалдырды
Қазақстандық Seba Health стартапы Digital Farabi 2026 көрмесінде инновациялық шешімімен қонақтарды таңғалдырды
Бүгін 17 -сәуір күні — Seba Health стартапы, негізін қалаушы Нафиз Мокеррам және жобаның ғылыми жетекшісі, іргелі медицина кафедрасының аға оқытушысы Гулсара Аканова Digital Farabi 2026 көрмесіне қатысты. Бұл ауқымды іс-шара инновациялық стартаптарды, жас зерттеушілерді және жетекші IT-компанияларды бір алаңға жинап, заманауи технологиялар мен тың идеяларды таныстыруға мүмкіндік берді.
Көрме барысында 2-курс студенті Нафиз Мокеррам Seba Health жобасын жоғары деңгейдегі құрметті қонақтардың алдында таныстырды. Олардың қатарында UWEE Group ұйымының төрағасы әрі Бельгия Королінің кеңесшісі Гилберт Ван Керкхове, Қазақстан Республикасының ылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек, сондай-ақ әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің басқарма төрағасы – ректоры Жансейіт Түймебаев болды. Бұл біздің команда үшін үлкен жауапкершілік пен маңызды тәжірибе деуге болады.

Seba Health — қан донорларын табу үдерісін цифрлық технологиялар арқылы оңтайландыруға бағытталған медициналық стартап. Қосымшаның негізгі мақсаты — қан тобы және басқа да маңызды параметрлер негізінде донорларды жылдам әрі тиімді анықтау. Жобаға жасанды интеллектке негізделген арнайы бот енгізілген, ол пайдаланушылардың сұрақтарына жауап беріп, қажетті донорларды табуға көмектеседі.
Донорлар алдымен жүйеде тіркеледі, содан кейін олар қан орталықтарына бағытталып, медициналық тексеруден өтеді. Тек талаптарға толық сәйкес келетін азаматтар ғана донорлар базасына енгізіледі. Бұл жүйе донорларды іздеу үдерісін жеңілдетіп қана қоймай, оның қауіпсіздігі мен сапасын да қамтамасыз етеді.
Жобаның басты мақсаты — қоғамдағы маңызды мәселені шешу, яғни донорларды табу уақытын қысқарту және донорлық көмекке қолжетімділікті арттыру. Сонымен қатар, болашақта платформа медициналық жоғары оқу орындарының студенттеріне әлеуметтік қызметкер ретінде жұмыс табуға мүмкіндік беріп, жобаның ауқымын кеңейтуге жол ашады.
Digital Farabi көрмесі біз үшін жаңа мүмкіндіктерге жол ашқан, кәсіби байланыстар орнатуға және құнды тәжірибе алмасуға мүмкіндік берген маңызды кезең болды. Осындай шабыттандыратын орта біздің командамызды одан әрі дамуға және денсаулық сақтау саласына инновациялық шешімдер енгізуге жігерлендіреді.
.jpeg)
Біз өз университетімізді таныстырып, стартапымыздың әлеуетін көрсеткенімізге мақтанамыз. Бұл — біздің үлкен жолымыздың бастамасы ғана.
#SebaHealth #DigitalFarabi #Инновация #Стартап #ЦифрлықДенсаулық #Қазақстан #БолашақТехнологиялар #СтуденттікЖобалар
Басқа жаңалықтар