- Басты бет
- Жаңалықтар
- Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ «Заң және тәртіп» қағидаттарын болашақ заңгерлерді даярлау жүйесіне енгізуде
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ «Заң және тәртіп» қағидаттарын болашақ заңгерлерді даярлау жүйесіне енгізуде
«Заң және тәртіп» мемлекеттік тұжырымдамасын іске асыру шеңберінде әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті болашақ заңгерлердің құқықтық ойлауын және кәсіби құзыреттерін қалыптастырудың заманауи тәсілдерін жүйелі түрде енгізуде.
Аталған жұмыстың практикалық бағыттарының бірі – «Мемлекет және құқық теориясы» пәні бойынша магистратураға арналған кешенді тестілеу тапсырмаларының мазмұнын әзірлеуге университеттің қатысуы болып табылады. Бұл ретте заңдылық, құқықтық тәртіп, құқықтық мемлекет, құқықтық сана және құқықтық мәдениет сияқты қазіргі құқықтық жүйенің базалық элементтерін қамтитын сұрақтарды енгізуге ерекше назар аударылады.
Бұл жұмыс әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың заң ғылымы саласындағы жетекші ғылыми-зерттеу орталығы ретіндегі ғылыми әлеуетіне негізделген. Тест материалдарын әзірлеу және сараптау үдерісіне Ұлттық тестілеу орталығы университеттің жоғары теориялық дайындығы мен құқық қолдану тәжірибесін талдау саласында елеулі тәжірибесі бар жетекші ғалымдарын тартады.
Атап айтқанда, 2026 жылғы 30 наурыз бен 12 сәуір аралығында «Нархоз» колледжі базасында Ұлттық тестілеу орталығы ұйымдастырған тест тапсырмаларын әзірлеу жұмысына мемлекет және құқық теориясы мен тарихы, конституциялық және әкімшілік құқық кафедрасының заң ғылымдарының докторы, профессор-зерттеушісі Ж.А. Кегембаева қатысты. Бұл ретте «Заң және тәртіп» тұжырымдамасының мазмұнын тікелей ашатын сұрақтарды енгізуге ерекше назар аударылды. Атап айтқанда, заңдылық қағидаты, құқық үстемдігі, заңдық жауаптылықтың бұлтартпастығы, адам құқықтары мен бостандықтарын қамтамасыз ету, сондай-ақ құқықтық сана мен құқықтық мәдениетті қалыптастыру мәселелері қамтылды. Тест тапсырмалары тек теориялық білімді тексеруге ғана емес, сонымен қатар оларды практикалық тұрғыдан пайымдау, құқықтық бағалау және қазіргі құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету талаптары аясында қолдану қабілетін анықтауға бағытталған.
Мұндай формат ғылыми жетістіктерді білімді бағалау жүйесіне тікелей енгізуге мүмкіндік беріп, талапкерлердің тек академиялық білімін ғана емес, сонымен қатар заңға құрмет, құқықтық мемлекет қағидаттарын ұстану және құқыққа сай мінез-құлық дағдыларын қалыптастыруға ықпал етеді.
Аталған бастаманы іске асыру әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың ұлттық құқықтық саясатты дамытудағы және жоғары заңгерлік білім беру жүйесінде заңдылық пен құқықтық тәртіп құндылықтарын нығайтудағы белсенді рөлін айқындайды.
Басқа жаңалықтар