“Welcome to Kazakhstan: Заңды және қауіпсіз білім” тақырыбындағы ашық сабақ
Плазма физикасы, нанотехнология және компьютерлік физика кафедрасының аға оқытушысы Жумадилов Рахымжан Ерболсынұлы 6B07107 – «Электроэнергетика» білім беру бағдарламасының 1 және 2 курс студенттеріне, ағылшын тілінде білім алатын топтарға арналған “Welcome to Kazakhstan: Заңды және қауіпсіз білім” тақырыбында ашық сабақ өткізді.
Ашық сабақтың негізгі мақсаты – студенттерге Қазақстан Республикасындағы білім алу үдерісінің заңдық негіздерін түсіндіру, қауіпсіз білім беру ортасының қағидаларын таныстыру, академиялық мәдениет пен жауапкершіліктің маңызын айқындау, сондай-ақ шетелдік және ағылшын тілінде оқитын білім алушылардың еліміздің жоғары білім беру кеңістігіне бейімделуіне ықпал ету болды.
Сабақ барысында студенттерге Қазақстандағы жоғары білім беру жүйесінің ерекшеліктері, білім алушылардың құқықтары мен міндеттері, ішкі тәртіп ережелері, академиялық адалдық қағидалары және оқу үдерісіндегі қауіпсіздік талаптары жан-жақты түсіндірілді. Сонымен қатар университеттің ішкі нормативтік құжаттарының рөліне ерекше назар аударылды.
Әсіресе техникалық бағыттағы студенттер үшін қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыру мәселесі кеңінен қарастырылды. Зертханалық жұмыстарды орындау, құрал-жабдықтармен жұмыс істеу, электр қауіпсіздігін сақтау және практикалық сабақтардағы жауапкершілік деңгейін арттырудың маңыздылығы атап өтілді.
Ашық сабақ интерактивті форматта өтті. Студенттер өз ойларын еркін білдіріп, сұрақтар қойып, нақты өмірлік жағдайлар негізінде пікір алмасты. Сабақ барысында білім беру саласындағы заңнамаларға, академиялық этикаға және университеттік ортадағы өзара құрмет қағидаларына ерекше мән берілді.
Сонымен қатар сабақтың маңызды ерекшеліктерінің бірі – ағылшын тілінде оқитын студенттерге ақпараттың қолжетімді әрі түсінікті түрде ұсынылуы болды. Бұл олардың тілдік дағдыларын дамытуға, кәсіби терминологияны меңгеруге және халықаралық академиялық ортаға бейімделуіне ықпал етті.
Аталған іс-шара БҰҰ-ның Тұрақты даму мақсаттарына сәйкес келеді. Атап айтқанда, ТДМ 4 – «Сапалы білім беру» бағыты аясында студенттердің құқықтық және академиялық сауаттылығын арттыруға, қауіпсіз және инклюзивті білім беру ортасын қалыптастыруға ықпал етсе, ТДМ 16 – «Бейбітшілік, әділдік және тиімді институттар» шеңберінде заңға құрмет, академиялық адалдық және жауапты мінез-құлық мәдениетін нығайтуға бағытталған.
Қорытындылай келе, ашық сабақ студенттердің заңды және қауіпсіз білім беру ортасының маңызын терең түсінуіне мүмкіндік беріп, олардың академиялық мәдениетін, азаматтық жауапкершілігін және кәсіби этикасын қалыптастыруда маңызды рөл атқарды.
Басқа жаңалықтар