«Жасыл мектеп — таза әлем: идеядан нәтижеге» аудандық эко-форумы өтті — ҚазҰУ

91ý

«Жасыл мектеп — таза әлем: идеядан нәтижеге» аудандық эко-форумы өтті

16 сәуір 2026
«Жасыл мектеп — таза әлем: идеядан нәтижеге» аудандық эко-форумы өтті

Алматы облысы, Еңбекшіқазақ ауданы, «Абылай хан атындағы №4 орта мектеп» базасында «Жасыл мектеп — таза әлем: идеядан нәтижеге» атты аудандық эко-форум өтті. Бұл форум «Таза Қазақстан» ұлттық бастамасы мен Тұрақты даму мақсаттарының практикалық көрінісі. Іс-шараның мақсаты – оқушылардың экологиялық мәдениетін қалыптастыру, табиғатты қорғау бағытындағы жобаларды қолдау және үздік тәжірибелерді тарату болды.

 

Форумға Алматы облысы білім басқармасының Еңбекшіқазақ ауданы бойынша білім бөлімі, аудандық әдістемелік орталық, экология департаменті, «LiftEd» платформасы өкілдері, сондай-ақ әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің География және табиғатты пайдалану факультеті, Тұрақты даму бойынша ЮНЕСКО кафедрасы қатысты. Кафедра меңгерушісі Базарбаева Турсынкул Аманкельдиевна экологиялық білім беруді дамыту мен тұрақты даму қағидаларын енгізудің маңыздылығын атап өтті.

 

Іс-шара аясында мектепте «Жасыл мектеп» эко-бұрышы ашылып, оқушылардың экологиялық бастамаларын жүзеге асыруға арналған арнайы алаң іске қосылды. Бұл кеңістік алдағы уақытта экологиялық жобаларды дамытуға, тәжірибелік жұмыстар жүргізуге және табиғатты қорғау мәдениетін қалыптастыруға бағытталады.

Форум барысында бірнеше тақырыптық секциялар жұмыс істеді:

Eco-Vision – Жасыл мектеп,

Eco-Step – Қалдықсыз қадам,

Биогумус: топырақ құнарлылығының табиғи коды,

Табиғат лабораториясы: қолдан жасалған табиғи өнім.


Секциялар барысында аудан мектептерінің оқушылары экологиялық жобаларын ұсынып, қайта өңдеу, көгалдандыру, биогумус өндіру, табиғи өнімдер жасау бағытында өз тәжірибелерімен бөлісті.

Аталған форумға «Абылай хан атындағы №4 орта мектеп», О.Жандосов, Қ.Сәтбаев атындағы мектептер, №6 мектеп-лицейі және Райымбек батыр атындағы мектеп оқушылары белсенді қатысты.

Іс-шараның маңызды нәтижелерінің бірі – «Табиғат лабораториясы» бағытындағы практикалық кабинеттің ашылуы болды.

Форум қорытындысында «Түлектер аллеясында» 11-сынып оқушылары ағаш отырғызып, оны баптап өсіруді 6-сынып оқушыларына тапсырды.