Ғалымдарға халықаралық бағдарламалардың мүмкіндіктері таныстырылды
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде «Халықаралық бағдарламалар орталығы» Басқарма төрағасының орынбасары Абай Рахметпен кездесу өтті. Іс-шараға университеттің барлық факультеттерінің ғылыми-инновациялық қызмет және халықаралық байланыстар жөніндегі декан орынбасарлары, сондай-ақ кафедра меңгерушілері қатысты.
Кездесу ҚазҰУ оқытушы-профессорлар құрамы мен жас ғалымдарының халықаралық білім беру және ғылыми жобаларға қатысу аясын кеңейту мәселелеріне арналды.

Жиын барысында «Халықаралық бағдарламалар орталығы» өкілі ұйымның қызметі туралы баяндады. Қазақстан Республикасы ылым және жоғары білім министрлігі 2005 жылы құрған орталық халықаралық білім беру бастамалары мен жобаларын әкімшілендіру арқылы ғылыми және академиялық ынтымақтастықты дамытуға үлес қосып келеді.
Сондай-ақ Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев бастамасымен іске қосылған ғылыми тағылымдамаларға ерекше назар аударылды. Бағдарлама қазақстандық ғалымдарға әлемнің жетекші ғылыми орталықтарында 3 айдан 12 айға дейін тәжірибе жинақтауға мүмкіндік береді.

Осы уақытқа дейін жобаға 1 237 қазақстандық ғалым қатысқан. Түлектер денсаулық сақтау, инженерия және қоршаған орта ғылымдары салаларының дамуына елеулі үлес қосты. Қатысушыларға ай сайынғы шәкіртақы, әуе билеттері, виза алымдары және оқу материалдары үшін толық қаржылай қолдау көрсетіледі.
Кездесу барысында Абай Рахмет: «Бұл бастама қазақстандық ғалымдарға әлемнің жетекші орталықтарында тәжірибе жинақтауға, халықаралық ғылыми байланыстар орнатуға және отандық ғылымға жаңа тәсілдерді енгізуге мүмкіндік береді. Бағдарлама түлектерінің ел экономикасы мен әлеуметтік саласының дамуына қосып отырған үлесі айрықша», – деп атап өтті.

Сонымен қатар басқосуда шетелдік серіктестермен бірлесіп жүзеге асырылып жатқан үкіметаралық білім беру гранттары туралы ақпарат ұсынылды. Серіктес елдер қатарында Венгрия, Қытай, Словакия, Польша, Әзірбайжан, Тәжікстан, Қырғызстан және Вьетнам бар. Кездесу соңында спикер қатысушылардың сұрақтарына толыққанды жауап берді.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі
Басқа жаңалықтар