ҚазҰУ-да Нобель сыйлығының лауреаты Мо Яньмен шығармашылық кездесу өтті — ҚазҰУ

91ý

ҚазҰУ-да Нобель сыйлығының лауреаты Мо Яньмен шығармашылық кездесу өтті

22 маусым 2026
ҚазҰУ-да Нобель сыйлығының лауреаты Мо Яньмен шығармашылық кездесу өтті

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде әдебиет бойынша Нобель сыйлығының лауреаты, Қытай Халық Республикасының әйгілі жазушысы Мо Яньмен шығармашылық кездесу өтті. Шараға еліміздің әдеби және ғылыми зиялы қауым өкілдері, оқытушылар мен студенттер қатысты.

Жиынды Қазақстан жазушылар одағы басқарма төрағасы Мереке Құлкенов жүргізіп, құрметті қонақтың өмірі мен шығармашылығынан қызықты деректермен бөлісті: «Жазушының шын есімі – Гуань Мое. Ол бала күнінде өте сөзшең болған екен. Анасының жиі айтатын «үндеме» деген ескертуін кейіннен өзіне символдық мәнде әдеби бүркеншік есім ретінде таңдап, «Мо Янь» деп алған», – деді М.Құлкенов.

Кездесуде ҚазҰУ-дың Басқарма мүшесі – әлеуметтік даму жөніндегі проректор Бақытжан Омаров сөз сөйлеп, мәртебелі қонақтың әлемдік әдебиеттегі орнына тоқталды. Ол Мо Яньның «Қызыл гаолян», «Бір сағаттық бақыт», «Нуань қыз» сияқты танымал романдардың авторы және Қытай жазушылар қауымдастығы төрағасының орынбасары екенін атап өтті. Айта кетейік, 2012 жылы жазушыға «халық ертегілерін тарих пен қазіргі заманмен ұштастырған галлюцинаторлық реализм үшін» Нобель сыйлығы берілген болатын. Проректор өз сөзінде ҚазҰУ мен Қытай арасындағы мәдени және ғылыми-білім беру байланыстарының қарқынды дамып келе жатқанын да тілге тиек етті.

Шығармашылық диалог барысында Мо Янь өзінің жазушылық тәжірибесімен бөлісті. Оның айтуынша, басты шабыт көзі – саяхат. Жазушы әлем классиктерінің ізі қалған тарихи орындарды аралауды дәстүрге айналдырған. Ол Ұлыбританиядағы Шекспирдің туған жерінде, Испаниядағы Сервантес мұражайында болған. Ресейде Л.Н.Толстой атындағы халықаралық сыйлықты иеленіп, Ф.М.Достоевский шығармаларын театр қойылымдары арқылы тереңірек танығанын жеткізді.

Сонымен қатар қытайлық қаламгер қырғыздың заңғар жазушысы Шыңғыс Айтматовтың шығармашылығына ерекше тоқталып, оның халық аңыздарын көркем игеру тәсілі өзінің жазу стилімен үндес екенін алға тартты. Сондай-ақ ол көркем мәтіндегі детальдардың маңызына тоқталып, олар оқырманды шығарма әлеміне терең бойлататын негізгі құрал екенін айтты.

Шара аясында Нобель сыйлығы лауреатының қазақ тіліне аударылған қос бірдей туындысы – «Сарымсақ жыры» романы мен «Халіңіз қалай, Фолкнер ағай?» кітабының таныстырылымы өтті.

Кездесу соңы ашық сұрақ-жауап форматына ұласып, қатысушылар қаламгерге көкейкесті сауалдарын қойды. Шара соңында оқырмандар үшін автограф-сессия ұйымдастырылды.

 

 

 

 

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Баспасөз қызметі