ТДМ №15 аясында «ARALAP» жобасы және нативті өсімдіктерді отырғызу шарасы
2026 жылдың 19 сәуірінде әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Биология және биотехнология факультетінде «6В05110–Зоология» білім беру бағдарламасының 2-курс студенттеріне арналған ерекше мазмұндағы эдвайзерлік сағат өтті. Бұл шара аталған топтың негізгі эдвайзері Шарахметов Саят Ермуханбетовичтің қолдауымен және педагогикалық тәжірибе аясында «Зоология» мамандығының 1-курс магистранты Мухаметқали Аяулым Бейсенғалиқызының ұйымдастыруымен жүзеге асырылды. Кездесу БҰҰ-ның Тұрақты даму мақсаттарының 15-бағыты — «Құрлық экожүйелерін сақтау» қағидаттарына негізделді.

Эдвайзерлік сағаттың практикалық бөлімі ретінде «ARALAP» еріктілер жобасы аясында тозаңдандырушы жәндіктердің санын арттыруға бағытталған жұмыстар жүргізілді. Атап айтқанда, Нархоз университетінің ауласында нативті өсімдіктерден тұратын табиғи гүлзарлар отырғызу шарасы іске асырылды. Бұл бастама қалалық ортадағы экожүйені қалпына келтірудің маңызды қадамы болып табылады. Тозаңдандырушы жәндіктер — табиғаттағы тепе-теңдікті сақтаудағы шешуші буын, сондықтан олардың тіршілік ету ортасын жақсарту тікелей ТДМ 15-мақсатына сай келеді. Қазіргі таңда қарқынды урбанизация процесі жәндіктердің табиғи мекендерін тарылтып жатқанда, жергілікті флораны қалпына келтіру олардың популяциясын сақтауға мүмкіндік береді.

«6В05110–Зоология» мамандығының студенттері бұл шараға белсенді волонтер ретінде қатысып, тасшөп, беде, көкгүл, жұпаргүл, күрең от сияқты жабайы өсімдіктерді өз қолдарымен отырғызды. Бұл өсімдіктер жәндіктер үшін табиғи қорек көзі және қолайлы баспана болып табылады. Қатысушы студенттерге атқарған жұмыстары үшін арнайы сертификаттар беріліп, олардың еріктілік профиліне волонтерлік сағаттар жазылды. Магистрант Мухаметқали А.Б. бұл тәжірибенің маңыздылығын атап өтті: болашақ зоологтар үшін теориялық білімді практикамен ұштастыру, сонымен қатар қоршаған ортаны қорғауға нақты үлес қосу — кәсіби дамудың басты сатысы. Сабақ соңында студенттер экологиялық жауапкершілік пен волонтерлік қызметтің қоғамдағы ролін талқылап, болашақта осындай жобаларды жалғастыруға дайын екендіктерін білдірді.
Зоология, гистология және цитология кафедрасы
#SDG #SustainableDevelopment #KazNU #SDG_KazNU #SustainableKazNU