- Басты бет
- Жаңалықтар
- БОЛАШАҚҚА БАҒЫТ: ШЫҒЫСТАНУ ФАКУЛЬТЕТІНІҢ «АШЫҚ ЕСІК КҮНІ» – МҮМКІНДІКТЕР МЕКЕНІ
БОЛАШАҚҚА БАҒЫТ: ШЫҒЫСТАНУ ФАКУЛЬТЕТІНІҢ «АШЫҚ ЕСІК КҮНІ» – МҮМКІНДІКТЕР МЕКЕНІ
2026 жылғы 22 сәуірде Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Шығыстану факультетінде талапкерлерге арналған «Ашық есік күні» жоғары деңгейде ұйымдастырылып, білім мен болашаққа ұмтылған жастардың басын қосты. Іс-шара Тұрақты даму мақсаттарының 4-бағыты – сапалы білім беруді ілгерілету аясында өткізіліп, университеттің стратегиялық миссиясын айқын көрсетті.

Кездесудің негізгі мақсаты – талапкерлерге Шығыстану факультетінің түріктану және шығыс елдерінің тарихы кафедрасы ұсынатын білім беру бағдарламаларын кеңінен таныстыру, шығыс тілдері мен мәдениетінің терең мазмұнын ашу, сондай-ақ профессор-оқытушылар құрамы мен студенттермен тікелей байланыс орнату болды. Қатысушылар оқу үдерісінің ерекшеліктерімен танысып қана қоймай, өздерін қызықтырған сұрақтарға нақты жауап алды.
Кафедра ұсынатын білім беру бағдарламалары заманауи еңбек нарығы талаптарына толық жауап береді. ҰБТ-да ағылшын тілі мен дүниежүзі тарихын таңдаған талапкерлер үшін «6В02207 – Шығыстану», «6В02302 – Аударма ісі (шығыс тілдері)», «6В02301 – Шетел филологиясы (шығыс тілдері)» бағыттары ұсынылып, олардың мазмұны мен кәсіби мүмкіндіктері жан-жақты түсіндірілді. Бұл бағдарламалар студенттердің тілдік құзыреттілігін ғана емес, мәдениетаралық коммуникация мен сараптамалық ойлау қабілеттерін дамытуға бағытталған.

Факультеттің халықаралық серіктестігі – оның басты артықшылықтарының бірі. Студенттер Erasmus+ және Orhun халықаралық ұтқырлық бағдарламасы аясында Түркияның жетекші университеттерінде білім алып, ғылыми тағылымдамадан өту мүмкіндігіне ие. Бұл тәжірибе олардың кәсіби көкжиегін кеңейтіп, халықаралық деңгейде бәсекеге қабілетті маман ретінде қалыптасуына жол ашады.
Факультет қабырғасында студенттердің жан-жақты дамуына ерекше көңіл бөлінеді. Түрлі мәдени іс-шаралар, шығармашылық кештер, интеллектуалдық сайыстар мен апталықтар жастардың көшбасшылық қасиеттерін шыңдап, шығармашылық әлеуетін арттырады. Бұл орта – тек білім алатын орын емес, тұлғалық қалыптасудың маңызды алаңы.
ылыми-зерттеу жұмыстары да өзектілігімен ерекшеленеді. Қазақстан мен Түркия арасындағы дипломатиялық байланыстар, түрік тілі мен әдебиеті, мәдениет пен аударматану салаларындағы заманауи мәселелер бойынша кешенді зерттеулер жүргізілуде. Бұл бағыттар студенттерді ғылымға баулып, зерттеушілік қабілеттерін дамытуға мүмкіндік береді.

Іс-шараға 21 мектептен келген оқушылар қатысып, концерттік бағдарламаны тамашалап, факультет өмірімен жақын танысты. Олар оқу мүмкіндіктері туралы толық ақпарат алып, болашақ мамандықтарын саналы таңдауға маңызды қадам жасады.

Шығыстану факультетінің «Ашық есік күні» – бұл тек таныстыру шарасы емес, үлкен мүмкіндіктерге бастар жол. Жас талапкерлер үшін бұл күн жаңа мақсаттар мен биік армандарға серпін берді.
Арманыңдағы мансапқа сенімді қадам жаса – болашағың Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті қабырғасынан басталады!
Абелдаев Ж.
Кыркымбекова А.
Басқа жаңалықтар