ҚазҰУ халықаралық серіктестермен магистрлік бағдарлама әзірлейді
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, Халықаралық су ресурстарын басқару институты (IWMI) мен Қазақ ұлттық су шаруашылығы және ирригация университеті арасында үшжақты ынтымақтастық меморандумына қол қойылды.
Астана қаласында өтіп жатқан Өңірлік экологиялық саммит аясында жасалған бұл келісім су ресурстарын басқару, су дипломатиясы және гидрометеорология салаларындағы стратегиялық әріптестікті нығайтуды көздейді.

Құжат шеңберінде тараптар «Су дипломатиясы» бағыты бойынша магистрлік білім беру бағдарламасын бірлесіп әзірлеуге және жүзеге асыруға уағдаласты. Сонымен қатар ынтымақтастық аясында ғалымдар, оқытушылар мен сарапшылар тәжірибе алмасып, ортақ ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізеді, халықаралық гранттық жобаларға бірлесе қатысады және ауқымды конференциялар мен симпозиумдар ұйымдастырады.


Серіктестікті жүйелі түрде дамыту мақсатында арнайы жол картасын әзірлеу жоспарланып отыр. Өз кезегінде International Water Management Institute халықаралық ұйымы Blue Peace Central Asia бастамасы аясында жобаға сараптамалық және ұйымдастырушылық тұрғыдан толық қолдау көрсететінін растады.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Баспасөз қызметі
Басқа жаңалықтар