Гете институтқа саяхат: неміс әдебиетімен танысу — ҚазҰУ

91ý

Гете институтқа саяхат: неміс әдебиетімен танысу

22 сәуір 2026
Гете институтқа саяхат: неміс әдебиетімен танысу

2026 жылдың 22 сәуір айында әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті филология факультетінің «Шетел филологиясы» мамандығының 3 курс студенттері Алматыдағы Гете институтқа саяхаттап барды. Экскурсия мақсаты- студенттерді неміс тілінің мәдениетін, әдебиетін тереңдете зерттеуге арналған кітапханасымен таныстыру.

Гете институт – неміс тілі оқырмандарына, үйренушілеріне арналған қамқор кітапхана. Кітапхана оқырманға тегін тіркелуге жағдай жасаған. Оқырман ретінде келіп қалаған әдебиетіңізді 2 аптадан бастап 1 айға дейін қолға алуға болады, оқырман билетін ашып алсаңыз. Кітапхана заманауи технологиямен жабдықталған, сонымен қатар неміс тілін оқыту курстары да өз есігін ашады белгілі бір төлемақыға сәйкес. Неміс тілінде сөйлейтін елдерге саяхат жасаймыз, неміс тілді елдерге оқуға түсемін десеңіз, осында келіп, сертификатқа оқып, тапсырып жеткілікті көрсеткішіңізді жинап, оқуға тегін түсуге болады.

Кітапханада таңғаларлық бір жағдай, басқа ешқандай жерде көрмедім, «Bibliothek der Dinge» деген бұрыш жаңадан келгендерді таң қалдырады. Аударатын болсақ, «Заттар кітапханасы» - мақсаты, көпшілікке керек, күнделікті өмірде көмекші болатын заттарды да 2 апта немесе 1 айға тегін қолға береді екен. Ондағы заттар: гитара, электрлі тігін машинасы, теннис құрал-жабықтары, палатка, колонка, миксер де бар, тағы басқа сол сияқты заттар. Міне, Сізге қаншама жағдай жасалған, кітапхананың атмосферасы бөлек, тыныш, таза, әр үстелде қуаттандыратын нүкте, оқырмандарға жұмсақ жастықтарға дейін ойластырылып қойған. Келген оқырман тек қана оқудың жағымды әсерін ғана өзіне жинай алады. Осында келсеңіз, мүлдем басқа әлемге түскендей боласыз. Оқырмандардың жастық ерекшеліктері, тіл білу деңгейлері, жеке ерекшеліктері де ескерілген. Ойнауға арналған материал, бейнефильмдер, аудиоматериалдар, атақты неміс жазушыларының көркем әдебиеті, тіптен Қазақстанның да бөлек сөресі бар екен, неміс тіліне аударылған қазақ туындалары, мәселен, Ільяс Жансүгіровтың «Құлагер» поэмасы неміс тілінде Герт Гайденрайх арқылы тікелей қазақ тілінен неміс тіліне аудырылған кітап та сөреден өз орнын тапқан.

Бұл саяхат – студенттерге мәдени, эстетикалық тәлім-тәрбие сыйлады деп ойлаймын, қаншалықты жұмысы ауқымды екендігіне көздерін жеткізді, кітапхананың қызметі, қызметкерлердің еңбегі тек кітапханашылық жұмысымен шектелмейтіндігімен танысты, болашағы зор екендігі, Германияның тәртібі, жауаптылығының бір қырын байқады деп ойлаймын.

Кітапхана жетекшісі Шолпан Қызайбаева мен қызметкері Дина Маденоваға студенттерді кітапхананың қыр-сырымен таныстырғаны үшін шексіз алғысымды білдіремін.

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті

филология факультеті шетел филологиясы және аударма ісі кафедрасының оқытушысы Карагойшиева Данель Алмасбековна