Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Ботаника және агроэкология кафедрасында «Өсімдік ресурстары және фармакоботаника» зертханасы ашылды — ҚазҰУ

91ý

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Ботаника және агроэкология кафедрасында «Өсімдік ресурстары және фармакоботаника» зертханасы ашылды

21 сәуір 2026
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Ботаника және агроэкология кафедрасында «Өсімдік ресурстары және фармакоботаника» зертханасы ашылды

2025–2026 оқу жылының 21 сәуірінде Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Биология және биотехнология факультетіне қарасты Ботаника және агроэкология кафедрасында «Өсімдік ресурстары және фармакоботаника» зертханасының салтанатты ашылу рәсімі өтті.

Аталған жаңа ғылыми инфрақұрылым нысаны ботаника, экология, фармакология және биомедицина салаларындағы іргелі және қолданбалы зерттеулерді дамытуға бағытталған маңызды бастама болып табылады. Зертхана өсімдік биоресурстарын кешенді зерттеуге, дәрілік өсімдіктер құрамындағы биологиялық белсенді қосылыстарды анықтауға, сирек және эндемді түрлерді сақтау мен көбейтуге, сондай-ақ дәрілік маңызы жоғары өсімдіктерге фармакологиялық бағалау жүргізуге мүмкіндік береді. Осылайша, жаңа зертхана табиғи өсімдік қорларын ғылыми тұрғыдан зерделеуге және оларды тиімді пайдаланудың заманауи бағыттарын дамытуға жол ашады.

Сонымен қатар, зертхана заманауи құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген. Бұл, өз кезегінде, жоғары білікті ғылыми кадрларды даярлауға, жас зерттеушілердің ғылыми әлеуетін арттыруға және халықаралық ғылыми ынтымақтастықты кеңейтуге мүмкіндік береді.

Салтанатты шараға ҚазҰУ Басқарма Төрағасы – Ректор Түймебаев Жансейіт Қансейітұлы, ҚР Ұлттық ғылым академиясының академигі Бисенбаев Амангелді Қуанбайұлы және ғылыми-зерттеу институттарының ғалымдары, биология саласының ардагер ұстаздары мен студенттер қатысты.

Салтанатты жиын барысында алғашқы болып сөз сөйлеген университет ректоры Түймебаев Жансейіт Қансейітұлы жаңа зертхананың ашылуы университет ғылымының дамуына серпін беретінін атап өтті. Оның айтуынша, мұндай ғылыми орталықтар ғылым мен білімнің өзара сабақтастығын күшейтіп, докторанттар мен жас зерттеушілердің ғылыми ізденісіне кең мүмкіндік береді. Сонымен бірге, бұл бастама жас ғалымдардың кәсіби тұрғыдан қалыптасуына жағдай жасап, университет ғылымының өркендеуіне елеулі үлес қоспақ.

Жалпы алғанда, зертхананың ашылуы университеттің ғылыми-инновациялық даму стратегиясын жүзеге асыруда маңызды рөл атқарып, білім мен ғылымның интеграциясын нығайтуға, сондай-ақ Қазақстандағы өсімдік ресурстарын сақтау және тиімді пайдалану мәселелерін шешуге елеулі үлес қосады. Зертхана университет базасында жұмыс істеп, білім алушылардың ғылыми-зерттеу қызметін іргелі және қолданбалы ғылыммен ұштастыратын маңызды құрылымдық бірлікке айналмақ.

«Өсімдік ресурстары және фармакоботаника» зертханасы жетекші ғалым, б.ғ.к., профессор Тыныбеков Бекзат Мақұлбайұлының бастамасымен құрылды.

 

Ботаника және агроэкология кафедрасы