- Басты бет
- Жаңалықтар
- БҰҰ-ның ТДМ аясында 16-мақсат бағытына сәйкес «Ынтымағы жарасқан Қазақстан» атты ашық тәрбие сағаты
БҰҰ-ның ТДМ аясында 16-мақсат бағытына сәйкес «Ынтымағы жарасқан Қазақстан» атты ашық тәрбие сағаты
2026 жылдың 22 сәуірінде оқытушылық тағылымдама аясында «7М05119-Репродуктивті генетика» білім беру бағдарламасының 1-курс магистранттары Избасарова Ақбота мен Ердимурат Анель, Сербаева А.Д. тобы - «6B05103- Биотехнология» ББ 3-курс студенттері үшін «Ынтымағы жарасқан Қазақстан» тақырыбында ашық тәрбие сағатын өткізді. Бұл сабақты өткізу қоғамдағы тұрақтылықты, этносаралық келісім мен өзара құрметті насихаттайтын, сондай-ақ тұрақты даму мүддесінде бейбіт және ашық қоғам құруды көздейтін БҰҰ-ның №16 ТДМ «Бейбітшілік, сот төрелігі және тиімді институттар» мақсатын іс жүзінде іске асырудың айқын көрінісі болды. Сабақты ұйымдастырушылар тарих пен жалпыадамзаттық құндылықтарды біріктіре отырып, студенттер бойында толеранттылық пен бейбітшілік мәдениетін қалыптастыруға баса назар аударды.
Сабақ барысында студенттер Қазақстандағы 130-дан астам этнос өкілдерінің бір шаңырақ астында тату-тәтті өмір сүріп, ел дамуына қосып жатқан үлесі туралы білімдерін тереңдетті. Тарихи әділеттілікке ерекше назар аударылды: этностардың елімізге қалай келгені, оның ішінде кейбір халықтардың тарихи көші-қон арқылы, ал кейбірінің саяси себептермен депортация кезінде (1937 жылғы кәрістердің, 1941 жылғы немістердің, 1944 жылғы шешендердің күштеп қоныстандырылуы) келгені атап өтілді. Сол бір қиын-қыстау заманда қазақ халқының көптеген этносты өз бауырына басып, үлкен қолдау көрсеткені гуманизмнің, бейбітшілік пен өзара көмектің озық үлгісі ретінде талқыланды. Қазақстанды мекендейтін түрлі этнос өкілдерін біріктіретін ортақ құндылықтар - достық, құрмет және бірлік екеніне баса назар аударылды.
№16 ТДМ аясында қоғамдағы инклюзивтілік пен теңдікті көрсету мақсатында сабақтың интерактивті форматына ерекше көңіл бөлінді. Студенттер 4 топқа бөлініп, кәріс, неміс, ұйғыр және шешен диаспораларының тарихын зерттеу бойынша топтық тапсырма орындады. Интерактивті блокта білім алушылар әр этностың Қазақстанға келу уақытын, себебін, негізгі орналасқан аймақтарын Қазақстан картасында белгілеп көрсетті. Сонымен қатар, олардың мәдени орталықтары мен ел экономикасы, ауыл шаруашылығы, ғылымы мен мәдениетіне қосқан үлестерін егжей-тегжейлі талдап, арнайы дайындалған постерлерді қорғап шықты. Бұл әрбір этностың еліміздің толыққанды әрі теңқұқылы мүшесі екендігін дәлелдей түсті.
Өткізілген іс-шара қорытындысы бойынша қойылған мақсаттарға сәтті қол жеткізілгенін атап өтуге болады. Сабақ студенттердің бейбітшілік, келісім және ұлтаралық құрмет құндылықтарын терең түсінуіне елеулі үлес қосты. Іс-шара БҰҰ-ның №16 ТДМ «Бейбітшілік, сот төрелігі және тиімді институттар» мақсаттары мен міндеттеріне толық сәйкес келеді және қоғамдағы тұрақтылықты бағалайтын, ұлтаралық татулықты сақтауға үлес қосатын, әділетті әрі бейбіт қоғамның белсенді азаматтарын тәрбиелеуге ықпал етеді.
Молекулалық биология және генетика кафедрасы
Педагогикалық тәжірибе жетекшісі:
б.ғ.к., аға оқытушысы Ыргынбаева Ш.М.
Басқа жаңалықтар