«Таза Қазақстан»: Студенттер мен оқытушылардың экологиялық мәдениеті мен әдеп нормаларыFarabi University

91ý

«Таза Қазақстан»: Студенттер мен оқытушылардың экологиялық мәдениеті мен әдеп нормалары

31 наурыз 2026
«Таза Қазақстан»: Студенттер мен оқытушылардың экологиялық мәдениеті мен әдеп нормалары

2026 жылдың 31 наурызында әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің, химия және химиялық технология факультетінде экология мен этика мәселелерін ұштастырған маңызды іс-шара өтті. «Таза Қазақстан» республикалық бағдарламасын іске асыру шеңберінде ұйымдастырылған бұл кездесу «Күнделікті өмірде тәрбие мен әдеп нормаларын сақтау» тақырыбына арналды.

Бұл жиын тек қала тазалығын талқылаумен шектелмей, тәрбие мен мәдениеттің терең қатпарларын қозғады. Кездесуге қатысушылар шынайы экологияның ең алдымен адамның ішкі жан дүниесінің тазалығынан және мінез-құлық мәдениетінен басталатыны туралы ортақ байламға келді. Оқытушылар А. К. Жусупова, Р. Н. Ажигулова, Қанат Амантайұлы және Н. Т. Смагулованың жетекшілігімен екінші курс, органикалық заттардың химиялық технологиясы мамандығының студенттері қазіргі жастардың бейнесі мен олардың қоғам алдындағы жауапкершілігін жан-жақты талдады.

Студенттер өз презентацияларында қоршаған ортаның тазалығы — әрбір тұлғаның ішкі мәдениетінің айнасы екенін ерекше атап өтті. Академиялық адалдық, қоғамдық орындардағы этикет және әлеуметтік желілердегі «цифрлық гигиена» сияқты өзекті мәселелер қызу талқыға түсті. Қатысушылар вандализм мәселесін және мемлекеттік мүлікке ұқыпты қараудың маңыздылығын сөз ете отырып, бұл әрекеттерді азаматтық кемелдіктің басты көрсеткіші ретінде қарастырды.

Әсіресе, мемлекет басшысы ұсынған «Адал адам — Адал еңбек — Адал табыс» тұжырымдамасы төңірегіндегі пікірталас ерекше әсер қалдырды. Педагогтар бұл биік идеалдардың қарапайым нәрселерден — техникалық қызметкерлердің еңбегін құрметтеуден, аудитория тазалығын сақтаудан және күнделікті қарым-қатынастағы сыпайылықтан басталатынына басымдық берді.

Жиын соңында студенттер тек экологиялық акцияларға қатысып қана қоймай, ұлттық құндылықтар мен мәдениеттің шынайы жанашыры болуға ниет білдірді. Химия және химиялық технология факультетінде өткен бұл шара университеттің тек білікті маман ғана емес, сонымен бірге әдеп нормаларын өмірлік қағидасына айналдырған саналы азамат тәрбиелеуді көздейтінін тағы бір мәрте дәлелдеді.

 

Физикалық химия, катализ және мұнайхимия кафедрасының доценті Жусупова А.К.