Цифрлық қауіпсіздікке арналған форум өтті
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде Farabi Hub базасында «Қаржылық навигатор: сенімділік пен қауіпсіздікке жол» атты форум өтті. Оған мемлекеттік органдардың өкілдері, қаржы секторының сарапшылары және білім алушы жастар қатысты.
Форумды Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі, FinGramota.kz жобасы және Freedom Bank-пен бірлесіп ұйымдастырды. Шара жастардың қаржылық сауаттылығын арттыруға, интернет-алаяқтыққа қарсы тұруға және цифрлық ортада қауіпсіз мінез-құлық дағдыларын қалыптастыруға арналды.

Форумда құттықтау сөз сөйлеген Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ проректоры Марғұлан Ибраимов университетте 30 мыңнан астам студент білім алатынын айта келе, студенттік кезеңнің жауапты қаржылық мінез-құлық негіздерін қалыптастырудағы маңызды рөліне тоқталды. «Бүгінде қаржылық сауаттылық – цифрлық қауіпсіздікпен және саналы шешім қабылдаумен тікелей байланысты аса маңызды құзырет. Қаржы ұйымдары бірлесіп ұйымдастырған «Дропперлік: оңай ақша – ауыр салдар» атты онлайн-байқауы студенттердің қаржылық құқық бұзушылықтар тәуекелдері мен заңсыз схемаларға тартылу қаупінен сақтайтын маңызды бастама», – деді Марғұлан Ыбраимов.

Проректор сондай-ақ ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігіне, FinGramota.kz жобасына және Freedom Bank-ке аталған қаржылық бастаманы жүзеге асыруға қосқан үлесі үшін алғыс білдірді. Оның айтуынша, университет ынтымақтастықты одан әрі кеңейтуге мүдделі. ҚазҰУ-дың дамыған ғылыми және технологиялық инфрақұрылымын ескере отырып, оқу орны қаржылық сауаттылықты арттыру, цифрлық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және жастар арасында алаяқтықтың алдын алу бағытында ауқымды жобаларды іске асыратын тиімді алаң бола алады. Проректор Freedom Bank-пен стартап-экожүйені дамыту және жаңа буын мамандарын даярлау бағытында стратегиялық әріптестікті қарастыруды ұсынды. «Университетте жыл сайын 60-тан астам стартап-жоба қалыптасады, олардың 20-ға жуығы бірлесіп қолдау мен инвестициялауға іріктелуі мүмкін. Жыл сайын 500-ден астам студент білім беру және тәжірибеге бағытталған бағдарламаларға қатысып, қаржы секторы үшін тұрақты кадрлық резерв қалыптастырады», – деді проректор.

Форумда Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі төрағасының орынбасары Олжас Қизатов мырза құттықтау сөз сөйлеп, цифрлық қаржы қызметтерінің қарқынды дамуы мен тәуекелдерге назар аударды.
Шара барысында Freedom Bank атқарушы директоры Ялкунчан Ганиев, қаржылық кеңесші Александр Репников, Freedom Broker сарапшысы Елдар Жұмаділов, Ұлттық төлем корпорациясының өкілі Дмитрий Акмаев, сондай-ақ құқық қорғау органдарының өкілдері баяндама жасады.
Қатысушылар онлайн-несие рәсімдеу, жеке бюджетті басқару, инвестициялау және цифрлық алаяқтықтан қорғану мәселелерін кеңінен қарастырды. Әсіресе дропперлік құбылысы мен қаржылық құқық бұзушылықтарға қатысқаны үшін жауапкершілік тақырыбына ерекше мән берілді.

Форум аясында «Baiqa! Alaiaq» фильмінің бас продюсері Елнар Құрмашев пен актерлердің қатысуымен өткен таныстырылым көрермендердің қызығушылығын тудырды. Көпшілікке интернет-алаяқтықтың нақты оқиғаларына негізделген фильм үзінділері көрсетілді.
Форум соңында студенттер арасында өткен қаржылық квиз жеңімпаздарын марапаттау рәсімі өтті.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Баспасөз қызметі