«Қозғалыс – өмір»: жатақханадағы спорттық іс-шараFarabi University

91ý

«Қозғалыс – өмір»: жатақханадағы спорттық іс-шара

25 Сәу, 2026
«Қозғалыс – өмір»: жатақханадағы спорттық іс-шара

Студенттердің жан-жақты дамуына жағдай жасау, олардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру және салауатты өмір салтын қалыптастыру – жоғары оқу орындарының тәрбие жұмысының маңызды бағыттарының бірі. Осы мақсатта Әл‑Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Ақпараттық технологиялар және жасанды интеллект факультетінің Компьютерлік ғылымдар кафедрасының ұйымдастыруымен №8 студенттер жатақханасында «Қозғалыс – өмір» атты спорттық іс-шара өткізілді.

Жатақхана – тек студенттердің уақытша тұратын орны ғана емес, олардың тұлғалық қалыптасуына ықпал ететін, достық қарым-қатынас орнайтын және әлеуметтік белсенділік дамитын тәрбиелік орта болып табылады. Осыған байланысты жатақхана өмірін мазмұнды әрі қызықты ету мақсатында жүйелі түрде мәдени-спорттық және зияткерлік шараларды ұйымдастыру ерекше маңызға ие.

Іс-шара аясында студенттер арасында тоғызқұмалақ, шахмат және волейбол спорт түрлері бойынша жарыстар ұйымдастырылды. Жарысқа жатақхана тұрғындары белсенді қатысып, өзара ынтымақтастық пен достық атмосферасын қалыптастырды. Қатысушылар ойын барысында логикалық ойлау қабілеттерін, шапшаңдықтарын және командалық бірліктерін көрсете білді.

 

 

Жарыс нәтижесінде үздік өнер көрсеткен студенттер анықталып, жеңімпаздар мен жүлдегерлерге ынталандыру сыйлықтары мен алғыс білдіру сертификаттары табысталды. Мұндай марапаттау студенттердің спортқа деген қызығушылығын арттырып, белсенді өмірлік ұстанымды қалыптастыруға ықпал етеді.

Спорттық іс-шаралар жатақханадағы тәрбие жұмысын жандандырып қана қоймай, студенттердің ұйымшылдық қасиеттерін дамытуға, өзара сыйластық мәдениетін қалыптастыруға және ортақ жауапкершілік сезімін арттыруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, жарыстар барысында белсенді әрі қабілетті студенттер анықталып, университеттің спорттық командаларын толықтыруға негіз қаланады.

Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні – «Қозғалыс – өмір» атты спорттық іс-шара студенттердің бос уақытын тиімді ұйымдастырудың, олардың денсаулығын нығайтудың және жатақханадағы жағымды психологиялық ахуалды қалыптастырудың тиімді үлгісі болды. Осындай тәрбиелік мәні жоғары бастамалар студенттердің университет өміріне деген қызығушылығын арттырып, жастар арасында салауатты өмір салтын насихаттауға өз үлесін қосады.