- Басты бет
- Жаңалықтар
- Мотивациядан әрекетке – табысқа бастар жол: Студенттер даму дағдыларын жетілдірді
Мотивациядан әрекетке – табысқа бастар жол: Студенттер даму дағдыларын жетілдірді
ПФНжКФ кафедрасында психологиялық бағыттағы тәрбиелік-танымдық іс-шара ұйымдастырылып, «Электр энергетикасы» білім беру бағдарламасының 3 курс студенттеріне арналған «Мотивация және әрекет: студенттің дамуындағы рөлі» тақырыбында сабақ өткізілді. Іс-шараны асситент-профессор Амренова А.У. және магистранттар Сәли Д.С., Әбдірахман С.А ұйымдастырып, студенттердің жеке дамуына, оқу барысындағы белсенділігін арттыруға және мақсатқа жету жолындағы ішкі ынтасын қалыптастыруға бағыттады.
Аталған сабақтың басты мақсаты – мотивацияның мәнін түсіндіру және оны нақты әрекетке айналдыру жолдарын көрсету болды. Сонымен қатар, студенттердің өзін-өзі дамытуға деген қызығушылығын арттыру, уақытты тиімді пайдалану дағдыларын қалыптастыру және психологиялық кедергілерді жеңуге үйрету негізгі міндеттердің бірі ретінде қарастырылды.
.jpeg)
Іс-шара барысында мотивация тақырыбы интерактивті форматта түсіндірілді. Студенттерге «5 минуттық ереже» ұсынылып, кез келген істі бастау үшін алғашқы 5 минут әрекет ету жеткілікті екендігі айтылды. Бұл тәсіл кейінгі әрекеттерге серпін беріп, кейінге қалдыру әдетін азайтуға көмектесетіні нақты мысалдар арқылы түсіндірілді. Сонымен қатар, «5 секундтық лайфхак» әдісі таныстырылып, ой келген сәттен бастап 5 секунд ішінде әрекетке көшу арқылы шешім қабылдауды жеңілдетуге болатыны көрсетілді.
Сабақтың маңызды бөлімдерінің бірі – мотивацияны әрекетке айналдыра алмаудың негізгі себептерін талқылау болды. Атап айтқанда, мақсаттың нақты қойылмауы, қорқыныш пен сенімсіздік, жалқаулық және уақытты дұрыс жоспарламау сияқты төрт негізгі фактор қарастырылды. Студенттер бұл мәселелерді топтық талқылау барысында саралап, оларды жеңу жолдарын ұсынды.
Сонымен қатар, сабақ барысында шағын тренингтер мен ойын элементтері қолданылып, студенттердің белсенді қатысуы қамтамасыз етілді. Қатысушылар өз ойларымен бөлісіп, өмірлік тәжірибелерінен мысалдар келтірді. Бұл тәсілдер теориялық білімді тәжірибемен ұштастыруға мүмкіндік берді.
Іс-шараның жалпы атмосферасы еркін әрі ынталандырушы сипатта өтті. Студенттер өздерін ашық ұстап, жаңа идеяларға қызығушылық танытты. Нәтижесінде, бұл сабақ олардың ішкі мотивациясын арттырып, алға қойған мақсаттарына сенімді қадам жасауына ықпал етті.