«Қазақстан – көпұлтты, біртұтас мемлекет»: мәдениетаралық диалогқа бағытталған дөңгелек үстелFarabi University

91ý

«Қазақстан – көпұлтты, біртұтас мемлекет»: мәдениетаралық диалогқа бағытталған дөңгелек үстел

27 сәуір 2026
«Қазақстан – көпұлтты, біртұтас мемлекет»: мәдениетаралық диалогқа бағытталған дөңгелек үстел

«Бірлік бар жерде – тірлік бар» деген халық даналығы Қазақстан қоғамының басты құндылықтарының бірі – ұлтаралық татулық пен қоғамдық келісімнің маңызын айқын көрсетеді. Бүгінде еліміздің тұрақты дамуы мен халықаралық беделінің артуы түрлі этнос өкілдерінің өзара сыйластығы мен түсіністігіне негізделген. Қазақстанның көпұлтты бірегейлігі – мемлекетіміздің ең басты байлығы әрі тұрақтылықтың берік іргетасы.

2026 жылғы 27 сәуір күні әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Ақпараттық технологиялар және жасанды интеллект факультетінде «Қазақстан – көпұлтты, біртұтас мемлекет» тақырыбында ағылшын топтарының қатысуымен дөңгелек үстел форматындағы кураторлық сағат ұйымдастырылды. Іс-шара факультеттің 303 конференц-залында өткізіліп, студенттер арасында мәдениетаралық коммуникацияны дамытуға, өзара құрмет пен жаһандық бірлікті нығайтуға бағытталды.

Кураторлық сағат куратор, доцент, PhD Мәткерім Базаргүлдің кіріспе сөзімен ашылды. Өз сөзінде спикер Қазақстандағы этносаралық келісім моделінің маңыздылығына тоқталып, түрлі мәдениеттер мен халықтардың бір академиялық ортада үйлесімді өмір сүруі білім беру кеңістігінің басты артықшылықтарының бірі екенін атап өтті. Сонымен қатар қатысушы елдердің географиялық орналасуы мен мәдени ерекшеліктеріне қысқаша шолу жасалып, пікір алмасуға ашық әрі достық атмосфера қалыптасты.

 

 

Іс-шараның негізгі бөлігінде шетелдік студенттер өз елдерінің мәдениеті мен ұлттық ерекшеліктерін таныстырды. Ауғанстаннан келген студенттер тілдік дәстүрлері мен ұлттық құндылықтары туралы баяндама жасап, студенттік өмірден дайындалған бейнематериалдарды ұсынды. Сириялық қатысушылар ұлттық бірегейлік пен мәдени мұраны сақтаудың маңыздылығы туралы ой бөлісіп, ел тарихы мен қазіргі қоғамдағы мәдени сабақтастық мәселелеріне тоқталды. Марокко студенттері ұлттық салт-дәстүрлер, тағам мәдениеті және әлеуметтік құрылым ерекшеліктерін таныстырса, Бангладеш студенттері тарихи мұра, тілдік құндылықтар және қоғамды біріктіретін ортақ мәдени қағидалар туралы мазмұнды ақпарат ұсынды.

 

 

Дөңгелек үстел барысында ұлттық билер мен мәдени қойылымдар ұйымдастырылып, қатысушыларға ерекше әсер сыйлады. Вербалды емес мәдени коммуникация элементтері іс-шара мазмұнын байытып, студенттердің мәдени алуан түрлілікті тереңірек түсінуіне мүмкіндік берді. Қатысушылар еркін форматтағы пікір алмасу барысында мәдени айырмашылықтар адамдарды бөлмейтінін, керісінше, жаңа тәжірибе мен өзара үйренудің мүмкіндігі екенін атап өтті.

Қорытынды бөлімде ұйымдастырушылар мұндай кураторлық кездесулердің студенттердің азаматтық ұстанымын қалыптастырудағы, толеранттылық пен жаһандық ойлау мәдениетін дамытудағы рөлін ерекше атап өтті. Іс-шара жоғары ұйымдастырушылық деңгейде өтіп, халықаралық студенттер қауымдастығы арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға ықпал етті.

 

 

Аталған дөңгелек үстел түрлі елден келген жастарды біріктіретін негізгі құндылықтар – өзара құрмет, мәдени ашықтық және бейбіт қатар өмір сүру қағидалары екенін тағы бір мәрте дәлелдеді. Университет қабырғасында қалыптасқан осындай мәдениетаралық диалог алаңдары болашақ мамандардың тек кәсіби емес, сонымен қатар әлеуметтік жауапты әрі әлемдік деңгейде ойлайтын тұлға болып қалыптасуына мүмкіндік береді.

Бейбітшілік пен бірлікті ту еткен қоғамның болашағы әрқашан жарқын. Қазақстанның көпұлтты тұтастығын дәріптейтін мұндай тәрбиелік маңызы зор іс-шаралар университет өмірінің маңызды құрамдас бөлігі болып қала береді.