ҚазҰУ Asia University Rankings 2026 рейтингіндегі позициясын нығайтты
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті беделді Times Higher Education Asia University Rankings 2026 рейтингіндегі орнын сақтап, ғылыми және білім беру қызметінің сапасын айқындайтын бірқатар көрсеткіштер бойынша ілгеріледі.
Азияның 900-ден астам университеті енген бұл рейтинг жоғары оқу орындарын негізгі бағыттар бойынша бағалайды: оқыту сапасы, ғылыми зерттеулер, жарияланымдардың дәйексөз алу деңгейі, халықаралық ынтымақтастық және индустриямен өзара іс-қимыл. Жоғары бәсекелестік жағдайында ҚазҰУ тұрақты даму мен жекелеген критерийлер бойынша өсім көрсетіп отыр.
Рейтингте дәстүрлі түрде Tsinghua University және Peking University сынды аймақтың жетекші университеттері көш бастап тұр. Бұл Азияның академиялық кеңістігіндегі бәсекелестіктің өте жоғары екенін аңғартады.
ҚазҰУ білім сапасын арттыруға және ғылыми қызметті күшейтуге бағытталған интернационализация стратегиясын дәйекті түрде жүзеге асыруда. Университет халықаралық серіктестікті кеңейтіп, Scopus және Web of Science базаларындағы жарияланым белсенділігін арттыруда, сондай-ақ шетелдік әріптестермен бірлескен зерттеулерді дамытуға басымдық беріп келеді.
Сонымен қатар қолданбалы зерттеулерді дамытуға және индустрия өкілдерімен тығыз байланыс орнатуға ерекше көңіл бөлінуде. Бұл университет ғалымдары әзірлеген ғылыми жобалардың практикалық маңыздылығын арттыруға мүмкіндік береді.
Рейтинг нәтижелері ҚазҰУ-дың стратегиялық бағытының дұрыстығын тағы бір мәрте дәлелдеді. Бұл бағыт жаһандық бәсекеге қабілеттілікті арттыруға бағытталған және Орталық Азиядағы ғылым мен білімнің дамуына үлес қосуды көздейді.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Баспасөз қызметі
Басқа жаңалықтар